Павлодарлық боздақтардың сүйегі 70 жылдан кейін туған жерге қайтарылды

Ертіс өңіріндегі «Панфиловшылар» іздестіру жасағының белсенділері туған елінен жырақта ерлікпен қаза тапқан қос жауынгердің сүйегі жатқан орнын тапты.

Іздестірушілер Қабсамат Ахметов пен Зәкарья Армизовтың зиратынан бір уыс топырақты майденгерді жылдар бойы іздеген туыстарына табыстады. Екі ардагер Павлодар облысының тумалары, соғыстың алғашқы жылдары майданға аттанған. Содан туған-туысқандарына бір хабар келмеген. Отан үшін отқа түскен ерлер туралы 70 жылдан астам уақыт бойы ешқандай мәлімет болмаған. Сол себепті майдангерлердің жақындары іздестірушілердің көмегіне жүгінген. Экспедиция барысында жауынгерлердің Мәскеу облысының Тверь және Беларусь Республикасының Магилев облыстарында көз жұмғаны белгілі болды.  Ұлы Отан соғысына 46 мыңнан астам павлодарлық аттанса, олардың 20 мыңнан астамы майдан даласында көз жұмды. Олардың көбі әлі күнге дейін хабар ошарсыз кеткендердің қатарында.

Жамбыл Сәдуақасов, соғыс ардагері Қ.Ахметовтің туысы:

- Ағам Қабсамат Фин соғысынан соң қазіргі Тереңкөл ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанды. Содан бері ашқандай мәлімет табылмады. Былтыр ағамның Мәскеу түбінде көз жұмғаны анықталды. Шайқаста жарақат алып, госпитальде қайтыс болғанын білдік. Бірақ, жатқан жеріне бара алмадық. Біз осы күнді армандадық. Көзімізге жас алдық.

Рафаэль Мұхамеджанов, “Панфиловшылар” жасағының іздеушісі:

- «Батыс майданы – Варшава шоссесі» экспедициясында болғанда қазақ жауынгерлерінің жатқан жерін таптық. Отан үшін отқа түскен азаматтардың туыстары хабарласып, өтініштерін білдірді. Біз жерлестеріміздің сөзін жерге тастамай, іздеу жұмыстарын жүргіздік.