Қызылордада Қазақстанның алғашқы премьер-министрі болған Ұ.Қарамановтың құрметіне көше аталды

Қызылорданың орталық көшелерінің біріне Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі болған Ұзақбай Қарамановтың есімі берілді. Балықшының Үкімет басқарған баласы, инженер-ғалым, академик көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа келер еді. Мемлекет және қоғам қайраткерінің тау тұлғасы айшықталған ғылыми коференцияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев егемендіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақта елдің көшін түзу бастауға сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.

Шет аймақ пен қала орталығын жалғайтын ұзын көше енді Ұзақбай Қараманұлының есімімен аталатын болды. Сыр бойындағы шаһарда зәулім ғимараттардың бой көтеруіне мұрындық болған дарынды құрылысшы Алматыдағы драма театр, Көктөбедегі телемұнара және «Қазақстан» қонақүйі секілді көптеген нысандарды салуға да атсалысты. Іскер басшының қайраткерлігі арқасында құрылысшылар одағы құрылып, ұлттық инженерлік академия негізі қаланды. «Арал тағдыры - өз тағдырым» деген арда азамат туған өлкесінің түлеуіне аянбай тер төкті. 

Ұлдай Раметоллақызы, Ұ.Қарамановтың жары:

- Еңбегін, жұмысын осы жерден бастап, екеуміздің отбасы құрған қаламыз көшенің атын беріп, құрметтеп, мың да бір рақмет еліне, халқына, жұртына. 

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Арал құрып бара жатыр деп тек Қазақстан деңгейінде емес әлем деңгейінде өз дауысын көтеріп, осыған көмектеспесеңіздер кейін түзетуге мүмкін болмайды дегеннің бірі Ұзақбай Қараманұлы.

Сырдың ұлық перзентінің ұлылығы дәріптелген конференцияда Ұзақбай Қараманұлының ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан елеулі еңбегі кеңінен сөз болды. Үкімет басшысы болған тұста экологиялық, әлеуметтік мәселелерді өткір көтеріп, Аралға ауызсу жеткізу жобасына жетекшілік етті. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Кеңес мемлекеттері арасындағы экономикалық бқатынас құлдырап, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, болашаққа деген сенімге қаяу түскен уақыт еді. Алайда Ұзақбай Қараманұлы бастаған Үкімет ауыртпалықтарды жоюға, жұртшылықтың ертеңге деген сенімін ұлғайтуға қажырлы еңбек сіңірді.

Тау тұлғаның 85 жылдығы аясында жыршы-термешілердің концерті өткізіліп, дәстүрлі әншілердің көмейінен жыр ағылды. Бұған дейін Ұзекеңнің құрметіне орай мектеп, ал бүгін көше атауы берілсе, жуырда ескерткіші қойылатын болды.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин