Полицей таңертең жұмысқа шыққанда өзін алдында не күтіп тұрғанын білмейді

Кісі өлтіру, адам тонау, алаяқтық, ақша бопсалау... Қылмыстың бүгінде түрі көп. Ал онымен күрес барысында полиция қызметкерлері, неше түрлі жағдайларға тап болып жатады. Бір сөзбен айтқанда, еЛдің ішкі тәртібін сақтау үшін, еңбек етіп жүрген полицейлердің жұмысы жеҢіл, ұйқысы тыныш деп айта алмаймыз. Түркістан облысындағы меншікті тілшіміз Жандос Жұмабек “полиция өмірінің, бір күнімен” танысып, бірге жұмыс істеп көрді.

Бізді алдымен облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев қабылдады. Жергілікті полиция қызметі басқармасының Патрульдік полиция қызметінің міндеті туралы  баяндады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қоғамдық қауіпсідікті қамтамасыз етіп, сын-қатерлермен бетпе-бет келетін полиция қызметкерлерінің жұмысы шынында да оңай емес. Оның ішінде патрульдік полиция батальоны инспекторларының жұмысы тіпті қиын. Бүгін менімен қызметтік ауысымға түсетін әріптесім полиция аға лейтенанты Нұрқанат Өтешов.

Нұрқанат биыл жазда Нидерланд мемлекетінің Роттердам қаласында әлем бойынша полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында өткен спорттық сайыста топ жарып, алтыннан алқа тағынды.  

Нұрқанат Өтешов, облыстық ПД Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы:

- 97 елден келді спортшылар. Спорттың 63 түрінен болды. Соның ішінде мен қолкүрестен қатыстым. Ол жерде ширек финалға шығу үшін 10 адаммен қолкүрестірдім. Ширек финалға 5 адам шықтық. Бес адамның ішінен мен бірінші орынды алдым.

–Қай елдің азаматтарымен қолкүрестірдіңіз?

–Бұл жерде көбінесе еуропалықтар болды. Германия, Словакия елінен болды. Болгариялықтар мықты болды. Топтық жарыста жүлделі орынға осы жігіттермен таластым.

- Бәрекелді! Олай болса жұмысымызға аттанайық!

- Міне біз өзіміздің қызметтік бағытымызға қарай аттанып бара жатырмыз. Бізге жүктелген міндет – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолындағы жол көлік оқиғаларының алдын алу, көлік қозғалысын қадағалау.

Автомагистральға түсіп, бізге тиесілі аумақты қадағалау барысында «Нексия» маркалы автокөлігі бірден көзге түсті. Күдік тудырған көлік жүргізушісі жолдың ортасында ойқастап, басқа көліктерге қауіп төндірді.

– Нексия, 575 оңға тоқтаңыз.

Алайда күдікті жүргізуші біздің ескертуімізге құлақ аспай, қашып құтылуға тырысты. Бірақ тәжірибелі инспектор қуып жетіп, оңға қарай қысып тоқтатты.

- Автокөліктен түсуіңізді талап етемін сізден. Сіз заңды өрескел бұзып келе жатырсыз. Екі жолақты кесіп келе жатырсыз.

Күдікті заңға бағынып, көліктен түсудің орнына ашуға мініп, камераға жабысты.  

- Түсірме, неге түсіріп жатырсың?

Көлігінен әзер түскен ол, тәртіп сақшысына доқ көрсетті.

- Мына кісі масаң күйде ғой. Қолынан ұста, жүр!

Көлікке мінбей бізді біраз әуреге салды.

– Не істеп жатырсыңдар маған? Әй, жібер деймін, әй!

Көлікке күштеп отырғызуға тура келді.

- Сабыр сақта, інім! Сен енді заңға бағынсашы!

Масаң күйдегі жүргізушіні медициналық сараптамадан өткізуге апардық. Медициналық куәландыру ережесінде мамандар алкогольдің қандағы мөлшерін банықтап береді.

Нұрбек Жайынбаев, нарколог:

- Қуатбаев Азамат Есенович, 1991 жылы туған. Сізді мына жол патрульдік полиция қызметкерлері алкоголдік ішімдікке күдікті ретінде алып келді. Алкотест құрылғысын үрлегенде сізде масаң күйдің жеңіл дәрежесі шықты. Былайша атқанда 1-12, сол себепті сізге жеңіл дәрежелі алкоголді мастық қойылып, қорытындысын мына кісілерге беремін.

Енді күдікті бос уақытын уақытша ұстау изоляторында өткізеді.

Жандос Жұмабек, тілші:

Жаңа біз ұстап осында алып келген азаматтың расында да ішімді ішкені анықталды. Оған хаттама толтырылды. Енді біз құжатын қалалық әкімшілік полиция басқармасына өткіземіз. Әкімшілік соттың шешімімен 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылады және 15 тәулікке қамалады.

Біз одан кейін жұмысымызды ары қарай жалғастыру үшін тағы да жолға шықтық. Осы жерде айта кетейін, патрульдік полиция қызметкерлері шыныққан, шымыр болуға тиіс. Олардың физикалық дайындығы жұмыс барысында өте үлкен маңызға ие. Күндіз-түні, қысы-жазы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Түркістан облысы Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері биылғы жылыдң 9 айында 68 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, тиісті шара қолданған. Ымырт түсіп, көз байланған шақта жол талғамайтын бір көліктің артқы шамдары жанбай келе жатқанын байқадық. 

Бірақ бұл жолы жүргізушісі бірден жолдың шетіне шығып, көлігін тоқтатты.

- Жол патрульдік полициясы аға лейтинат Өтешов. Құжаттарыңызды берсеңіз. Менің тоқтатқан себебім, сіздің көлігіңіздің артқы шамы жанбай келе жатыр. Бізде республикалық дәрежеде «Қауіпсіз жол» атты профилактикалық іс-шара жүріп жатыр.

Көлік тізгінінде үлкен кісі екен. Ешқандай қарсылықсыз тәртіп сақшысының ескертпесін мұқият тыңдап, өз кінәсін түсінді. Алдағы көлік жөндеу орталығына барып, кемшілікті түзейтінін жеткізді. 

НұрқанаТ Өтешов, облыстық ПД Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы:

- Ең басты мақсат – жол көлік оқиғасын болдырмау. Қауіпті жағдай тудырмау, мейілінше жүргізушілерге көмек беру және ол кісілерді жазалау мақсатында емес,  ескерту мақсатында профилактикалық іс-шара жүргізу.

- Бүгін патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шығып, бір күндік осы кісілердің жұмысын қадағаладық. Бірге қалай жұмыс істейтіндерін көрдік. Рахмет сізге, жұмыстарыңызға сәттілік, табыс тілейміз!

–Жақсы, рахмет! Ақ жол сіздерге!

Айта кетейік, полиция қызметкері таңертең жұмысқа шыққанында, өзін алда не күтіп тұрғанын білмейді. Мүмкін ол қарулы қылмыскермен бетпе-бет келер, мүмкін ұрыны, алаяқты ұстайтын болар. Ал күдіктіні қолға түсіру кезінде оның полицейді жараламайтынына кепілдік жоқ. Алайда халыққа қызмет етемін деп ант бергеннен кейін полицей, қандай жағдай болмасын дайын жүреді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысында 11 полицей қызмет бабында қаза тапқан. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылайды, жас ұрпақтың санасында жаңғырып тұра бермек.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш