Ақтөбеде жол-көлік апатының көбі автомектепте білім алмағандардың кесірінен болып жатыр

Ақтөбе облысында биыл жол-көлік оқиғасынан 73 адам қаза тапқан. 512 жолаушы түрлі дене жарақатын алыпты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Полицейлердің айтуынша, көлік апаты негізінен қозғалыс ережесін сақтамағаннан болады. Жүргізушілердің қозғалыс ережесін жетік білмейтіндігін құзырлы министрлік мәлімдеді. Елімізде тіркелген жол-көлік орқиғаларының тең жартысы автомектепте білім алмаған жүргізушінің кесірінен болған. Бұл жайтқа алаңдаулы мамандар жүргізушілерді оқытуды қатаң бақылауға алу керек екенін айтты.

Кәмелет жасына өткен аптада ғана толған Бақтияр Сайлаубаев бірден жүргізуші куәлігін алуға қамданған. Бір ай бойы жол қозғалысы ережесін жаттапты. Интернет бетін ақтарып, телефонға арналған қосымшалардың көмегімен дайындалған. Әзірге әуесқой жүргізуші ретінде жеңіл көліктің рөліне отыруды көздейді.

Бақтияр Сайлаубаев, қала тұрғыны:

Бүгін екінші шансты пайдаланып, 33 алдым. Яғни бір балл асты да сонымен тесттен өттім. Содан кейін бір сағаттан кейін жүргізу емтиханын тапсырдым. Оны 8 минутта айдап шықтым. Одан да өттім. Бұйырса, бір жарым сағат қалды. Жүргізуші куәлігімді, карточкамды қолыма алуға. 

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында күніне 150-ге жуық адам емтихан тапсырады. Олардың тек бестен бірі ғана мүдірмей өтеді. Қалғандары сынаққа бір аптадан кейін қайта келеді. Бірақ автомектепте білім алғандығы туралы куәлік болмаса үш рет сынақтан сүрінген үміткердің жарты жыл өтпей қайта тапсыруға құқығы жоқ. 

Айбат Әуезов, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының маманы:

Бізге 073 форма медициналық анықтама керек. Сосын мемлекеттік төлем жүргізуші куәлігіне төленетін. Содан соң бізге электронды кезекке келіп, нөмірін алады да біздің операторлардың алдынан өтіп, сосын тестке жіберіледі.

Жүздеген жаяуға көлік жүргізуді үйреткен Асқар Оразалин сапалы білім мен тәжірибені тек автомектептен ғана алуға болатындығына сенімді. Себебі оқушылар кемінде 206 сағат ережені жаттаса, 50 сағат нұсқаушымен бірге рөлге отырады. Өз бетімен үйренгендердің мұндай мүмкіндігі болмағандықтан, жол бойында қатерге ұшырауы мүмкін.

Асқар Оразалин, автомектеп мұғалімі:

Тәжірибесінің жоқтығына байланысты жол көлік оқиғасына тап болып жатады. Бірінші себеп деймін олар программаны алған кезде тек дұрыс нұсқасын ғана жаттайды. Сондықтан да жолға шыққан жағдайда сасатын да жағдай болады. Артындағылар сигнал береді. Сондай жағдайда жол көлік оқиғасына тап болады.

Полицейлер жыл басынан бері Ақтөбе облысында 382 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтады. Олардың басым бөлігі қозғалыс ережесін сақтамағаннан болған. Әсіресе жолдың қарсы бетіне шығып, жылдамдықты асырған жүргізушілер апатқа ұшырап жатады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов