Шығыстағы шаңғы базасындағы өрттің басты себептері аталды

Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулікте 2 мың гектарға жуық шөпті аумақ өртке оранды. Өлкедегі өрт сөндірушілер 50-ден астам шақырту алып, күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жалпы 700-ден астам құтқарушы мен ұлттық ұлан сарбаздары, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен шаруа қожалықтары бірлесе күрескеннің арқасында ғана тілсіз жау елді мекендерге жеткен жоқ. Алайда алапат өрттен зардап шеккен мекемелер де бар. Мәселен, Өскемендегі Согра ықшам ауданындағы балаларға арналған тау шаңғысы кешені жанып кетті.

Согра ықшам ауданындағы шаңғы базасы. Мұнда екі бірдей спорт мектебінен 100- ден астам бала тәрбиеленеді. Алайда биылғы маусым басталмай жатып, аяқталды деуге болады. Бақытжан Мұқатаев осы жердің күзетшісі. Өрт шыққан күні үйінде болған. Дегенмен осы маңда тұрғандықтан қызыл жалынды көріп жұмыс орнына жан ұшыра жетіпті. Бірақ ешқандай көмек бере алмапты.

Бақытжан Мұқатаев, күзетші:

- Көзді ашып жұмғанша келді де жалын періп өте шықты түтіннің иісінен тұншығып тіпті мен отырып қалдым, өзіміз әрең құтылдық.

Шаңғы базасының қызметкері Анатолий Романов өртті тежемек болып тау басына қарай шығып та көріпті. Лапылдаған от еш мұрша бермеген.

Анатолий Романов, шаңғы базасының қызметкері:

- Өзімізше қарап тұрмай бір амалын жасамақ болдық. Бірақ бос әуреленіппіз. Жалынның гүрілдеген дауысы әлі құлағымда.Түтіннен түк көрінбеді. Сол таудан өршіген өрт мына етектегі үйге жеті-ақ минутта жетті.

Осылайша тау шаңғысы киімдері мен шаңғы жолын жөндейтін құралдарға толып тұрған контейнерлер толық  жанып кетті.

Виталий Горлачов, жаттықтырушы:

- Бүкіл қажетті заттарды осында жинап қойғанбыз.Осы жерде  шаңғы спортына арналған 50 комплек тұрған. Түк қалмады. Трамплинді  тазалайтын арнайы күректердің міне басы ғана қалған. 

Эльмира Ахметова тілші:

- Жаттықтырушылар мен ата-аналар жабылып осы жерді қураған шөптен тазалап, тегістеп шаңғы тебуге  дайындап қойған еді. Сөйтіп алғашқы қар түскенін ғана ғана күтіп отырған. Алайда аяқ асты тиген тілсіз  жау барлығыны тып типыл етті. Ендігі  түрі осы. Міне мынау миллиондаған теңге тұратын, қарда жүру техникасы. Қазір қаңқасы ғана қалды.

Қазір шаңғы базасына келген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Енді қысқы маусымның қалай боларын ешкім нақты айта алмады.

- Где зимовать будешь, надо в деревню идти место искать.

Татьяна Меликова да енді қыстап шығатын жер іздейтін болады. Таудан түскен өрт баспанасынан түк қалдырмады.

Татьяна Меликова, Согра ықшам ауданының тұрғыны:

- Алыстан басталған өрт қалай жеткенін байқамай қалдық. Айнала қап-қараңғы болып, түтін басып кетті. Қашып үлгірдік. Әзірше шешемнің үйін паналап отырмын.Әкімдік өкілдері көмек береміз деген.

Құтқарушылар жалынның өршу себептеріне бірнеше факторларды атады. 

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

- Тұрғындардың көпшілігінің жауапсыздығынан,себебі олар өз аулаларында  қоқыстарды өртеп, құрғақ шөпті өртеп осы себептен қазіргі кездегі өрт қауіпті кезеңнің болуына байланысты, құрғақ ауа райына байланысты және қатты соққан жел өрттің жылдам тарап кетуіне көп ықпал етті.

Осы өрт қаупі жоғары маусымда қауіпсіздікті сақтамаған 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы облыста биыл 10 мың гектардан астам орманды-далалы алқап жанып кетті.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин