Тараздықтар 30 жылдан бері асфальт салынбаған көшені жөндеп беруді сұрады

Тараздық тұрғындар 30 жылдан бері асфальт салынбаған көшені жөндеп беруді сұрап отыр. Қант зауыты аумағындағы 6 көшені қыста лай, жазда шаң басады. Халық балалардың аяғына пакет кигізіп сабаққа жіберуге мәжбүр. Шағын ауданға жарық пен көпір де қажет.

Тараздық тұрғын Қалдыкүл Келгенбаева Қант зауыты аумағына 20 жыл бұрын қоныстанған. Алтын құрсақты ананың 7 перзенті бар. Алтауы мектеп оқушысы. Алтын алқа иегері «жол мен жарықтың жоқтығы балаларыма қиын» дейді. 

Қалдыкүл Келгенбаева, қала тұрғыны:

- Қараңғыда күтіп аламын мен. Азанда 2 балам оқиды түстен кейін 4 балам оқиды.  Қиын ит көп мына жақта. Өздері келе алмайд мұғалім жібермейді келіп алып кетіңіздер деп. Аяқ киім шақ келмейді 2 аяқ киім ауыстырамыз күнде. Невозможно пудра болып кетеді. Жамбыр жауса оны айта алмаймын. Кленка кигізіп апарамыз ғой мектепке.

Тұрғындар айтқан 6 көшеге тәуелсіздік алғалы асфальт төселмеген. Әрі мектепке барар бағыттағы су арнасына өткел қажет. Халық қаржы жиып, көпір ретінде бағана  қойған. Бірақ онысы қыста қауіпті.

Қыста елестете алмаймыз. Мынаны бәріміз жайлап, тұз себеміз, құм себемз көршілер кезек-кезек. Сөйтіп балаларды өткізіп жібереміз. Бір күні біреуіміз, бір күні береуіміз. Осы жерден өтіп мектепке барамыз.

Әкімдік биылдыққа 27 көшеге асфальт төселді деп жауап берді. Оған бюджеттен 1 млрд 382 млн тг бөлінген. Бірақ біз айтқан көшелер бұл тізімде жоқ. Бөлім басшысы, мәселе алдағы бірнеше жылда шешімін табады,- деп уәде берді. 

Ерболат сейітбеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Тізімде жоқ көшелер бойынша, біз оны тізімде жоқ деп қалдырып кетпейміз. 5 жылдық жоспар жасап жатырмыз. Осы 5 жылдық жоспардың ішіне енгіземіз. Сол 5 жылдық жоспарға енгізіп, кезең-кезеңімен осы 5 жылдың ішінде аяқтауға нақты жоспар жасап жатырмыз.

Жауапты бөлім басшысы мүлдем асфальтталмаған жолдарға бірінші кезекте көңіл бөлінеді деді. Жарық та алдағы уақытта жоспарға енгізілмек. Оған дейін халықтың күтуден басқа амалы жоқ. Жалпы Таразда 1388 көше болса, оның 558-і жол салуды қажет етеді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә