Шәмша Беркімбаеваның туғанына 80 жыл толды

Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева көзі тірі болғанда осы күзде 80 жасқа толар еді. Өкінішке қарай сұм ажал оны арамыздан жарты жыл бұрын алып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін өзі ұзақ жыл еңбек еткен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде еске алу шарасы өтіп, көпшілікке Шәмша Көпбайқызына арналған «Қазақ мектебі – ұлт тірегі» атты кітап таныстырылды. Бұл қыздар педагогикалық университетінің студенттер үйі. 9 қабатты, 450 орындық. Нысан Шәмша Беркімбаеава осы жоғары оқу орнына ректор болып тұрған кезінде салынды. Ол ең алдымен студенттердің жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесін бірінші орынға қойып, оны шешуге атсалысты. Қоғам қайраткерінің 80 жылдығына орай, студенттер үйіне Шәмша Беркімбаеваның есімі берілді.

Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы:

– Студенттер үйін салғанда жақсы білем. Ертеңгісін жұмысын сол жерден бастап, кешке жақын сол жерде жұмысын аяқтайтын. Салсаңдар жақсылап салыңдар, бұл балаларға салынып жатқан дүние деп.

Еске алу шарасының бұл жоғары оқу орнында өтуі тегін емес. Дәл осы жерде Шәмша Беркімбаева 2003-2011 жылдар аралығында ректор болды. Сол кезде институттың университет мәртебесін алуына көп еңбек сіңірді. Әсіресе ауылдан келген жастарды оқуға тартты. Қазір университте ол кісіге арналған жеке аудитория бар. Қайраткер туралы қызықты деректерді сондағы музейден табуға болады.  

Әсен Беспаева, құрбысы:

– Шәмшаның тазалығы өмірге деген көзқарасы, ұстаздығы, тазалығы тағы айтайын ол мысалы қазіргі лауазымда жүрген кісілерге ол бір эталон деуге болдады. Шәмшә таза болатын деп бекер айтып отырған жоқпын. Төңірегіне өте таза болатын.

Ол қандай қызметте болмасын ең алдымен ауыл мектептері мен мұғалімдердің жайын ойлады. Білім және ғылым министрі болған тұста «Ауыл мектебі» бағдарламасы қабылданып, елді мекендерде жаңа білім ошақтары бой көтерді. Сондай-ақ ол «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау қажеттігін алғаш көтергендердің бірі болды. Жақын таныстарының айтуынша, оның атқарған ісінің барлығын тізіп шығу мүмкін емес.

Роза Киікбайқызы, курстасы:

– Шәмшаның бір қасиеті өзін сыйлата алатын. Кез келген ортада кім отырмасын сол жерде бәрі Шәмшәні тыңдап басын иіп отыратын. Өзін сыйлата білу, еңбек жасау қыздарды үлкен жолға апарады.

Іс-шара барысында «Қазақ мектебі – ұлт тірегі» атты кітап таныстырылды. Еңбекте Шәмша Беркімбаеваның қолжазбалары мен өзі жайында жазылған материалдар жинақталған. Кітап арқылы оқырман Шәмша Көпбайқызының қарапайым ұстаздықтан қоғам қайраткеріне дейінгі жүріп өткен өмір жолымен таныса алады.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев