Тамара Дүйсенова Түркістанға жұмыс сапарымен барды

Елімізде талқыланып жатқан Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастықтан 1000-нан астам ұсыныс түскен. 200 заңға тәуелді актілер зерделеніп отыр. Бұл туралы түркістандық тұрғындармен кездескенеңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тігін фабрикасының еңбек ұжымымен жүздескен министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалардың іске асырылу барысы мен Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтып берді. Оның сөзінше, Кодекс қолданысқа енген жағдайда 80-нен астам заңға өзгеріс енгізіледі және бұрынғы 10 заң күшін жояды. Мәселен, отбасының цифрлық картасы арқылы әрбір отбасының әлеуметтік тұрмысы жақсарады. Жастарға төмен пайызбен несиелер беріліп, бизнесін жүргізе алады. Жиында сондай-ақ бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту мен азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру мәселелері сөз болды. Өңір тұрғындары түрлі әлеуеметтік төлемдерге қатысты сауалдарына министрдің тікелей өзінен жауап алды. Облыс жұртшылығымен кездескен министр мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеуде енгізілетін өзгерістер барысын тарқатып айтты.

Тамара Дүйсенова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Көңілге қонатын мәселе, азаматтар бұрын зейнетақыны көбірек бер, жәрдемақыны көбірек бер дегеннің орнына бүгінгі таңда кредит алсақ, болмаса, жаңағы жұмыс орнын берсеңіздер, жұмысқа барсақ, солай табыс тапсақ деген мәселе көбірек көтеріліп жатыр. Бұл меніңше, жақсы ұмтылыс деп ойлаймын.