Шиелідегі «Анаға тағзым» аллеясының маңызы ерекше

Соңғы жылдары Сыр өңірінде туған жерді түлетуге бизнес өкілдері белсенді атсалысып жүр. Қызылорда облысының әр елді мекенінде демалыс орындары мен спорт кешендерінің бой көтеруі осының бір айғағы.

Ал Шиелі ауданында салынған «Анаға тағзым» аллеясының мән-маңызы бөлек, дейді жергілікті тұрғындар.

Сыр өңірінде үй мен түздің шаруасын тең түгендеп жүрген батыр аналар аз емес. Солардың бірі шиелілік Гүлмира Жәлелқызы. Жеті баланың анасы 7 жыл бұрын жолдасымен бірге шағын шаруашылықтың негізін қалаған. Олар мал басын асылдандырумен айналысады. Ал биыл 100 гектар жерге күріш пен жоңышқа еккен. Енді соны өзі орып алудың қамымен жүр. Комбайншы келіншек ауылшаруашылығы мақсатында түрлі техниканы тізгіндей береді екен. 

Гүлмира Медешова, Шиелі ауданының тұрғыны:

- Бірінші камаз айдап көрдім, касемсотпен жер жырттым алдыңғы жылдары. Былтыр, биыл осы комбайнның тізгініне отырып жатырмын. Өзім көп балалы анамын, үйде немерем бар. Арасында бір-екі атыз келіп көмектесіп кетемін. Ол да балдарыма үлкен көмек. Өзіміздің жеке кәсіп болғансоң сенікі, менікі демейміз, қолымыз бос болса айдай береміз. 

Гүлмира Медешова еңбекпен өнген жандардың ізін жалғаушылардың жарқын үлгісі десек, Шиелі ауданынан кезінде 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан екен. Оның бесеуі нәзік жандылар.  Айша Меңдібаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова және Жадыра Таспамбетовалардың ерен істері елге мәлім. Осындай қайсар мінезді аналардың құрметіне ауданның Майлытоғай елді мекенінен «Анаға тағзым» аллеясының ашылуы да ұрпақтар сабақтастығының көрінісі болғаны рас. Бұл игі бастаманың авторы осы ауылдың тумасы, білікті дәрігер Дүйсенкүл Тәжікова. 

Дүйсенкүл Тәжікова, қала тұрғыны:

- Жастарға өте үлкен тәрбиесі бар. Патроиттық сезім. Мен байқап отырмын. Осы құрылыстың жүргеніне 3 айдай уақыт  болды. Соның ішінде маған бірнеше жастар ой білдіріп, өздеріне де бір жаңа идеялар туғанын айтып кетіп жатыр. Сондықтан мен рухани үлкен тәрбие алды деп сеземін. 

Айман Айтбаева, филология ғылымдарының кандидаты:

- Адамзатқа өмір сыйлаған, бақыт сыйлаған, ананың жүрегі кең. Оны ешкім, ешқашан өтеп бола алмайды. Кім де кім осы жерден өтіп бара жатқан кезде өз анасына істеген жақсылығын, өз анасын өкіндірген сәтін еске алмай өту мүмкін емес.

«Анаға тағзым» алеясының төрінде сәбиін құшағына қысқан ана бейнесі мен автордың өлеңмен өрілген ыстық лебізі жазылған. Бұл саялы орын жас ұрпақтың анаға деген құрметін, мейірім махаббатын артырып, отбасылардың демалып, тәрбиелік мәні бар кездесулер өткізетін құтты орнына айналады деп сенеміз, дейді ауылдықтар. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов