Елімізде жол сапасы ақсап тұр

Елімізде жол сапасы ақсап тұр

Қазақстан жол сапасы бойынша 140 мемлекеттің ішінде қазір 93 орында тұр. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Альберт Рау осылай деді.

Қордаланған мәселені өткір сынады. Олқылықтың барын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі де жасырмады. Мердігерлік ұйымдар жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын жұмыстарды қайта жүргізетіндігін айтты. Екі жол салу және жөндеу ісімен айналысатын мердігер ұйым лицензиясынан айырылды. 17 техникалық қадағалауды жүзеге асыратын инженерлердің қызметі тоқтады. Сөйтіп, оларға 29 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Көздеген межені іске асыруға жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та кедергі келтіруде. «Бұл мәселені тек қана цифрландыру арқылы ғана шеше аламыз», – деді Қайырбек Өскенбаев. Құрылыс жұмыстарын уақытылы жүргізуге битум тапшылығы да кедергі келтіруде. Өйткені жылдық қажеттілік бізде 1,7 млн тонна. Ал отандық үш зауыт жылына 1 млн тонна ғана битум өндіреді. Қордаланған мәселені шешу үшін «ҚазАвтоЖол» битумды ресурс ұстаушыдан бірыңғай сатып алуды қамтамасыз етпек.