Қызылорда облысында су арналары автоматтандырылады

2025 жылға дейін Қызылорда облысында 26 магистральды су арнасының гидроқондырғылары автоматтандырылады.

Өңірдегі Айтек су тоспасы мен 3 су арнасы осы талапқа сай қайта жөндеуден өтті. Бұл шаралар – тіршілік нәрін ысырапсыз пайдалану үшін қажет, дейді мамандар.

Трансшекаралық Сырдария өзенінің бастауындағы су қоймалары биыл да өз деңгейінде толмады. Дегенмен мемлекетаралық келісім аясында Қызылорда облысына 3,9 млрд текше метр су бөлінуі тиіс еді. Егін маусымы кезінде соның 87 проценті өңір қажеттілігіне жарады. Азық-түлік қауіпсіздігі сыр бермеу үшін қосымша шаралар да қабылданған болатын.  

Жеңісбек Сыздықов,  шаруашылық төрағасы:

- Облыстық су шаруашылығы құрылымдары біздің шаруашылықтың өзіне 2 дана СНП 500 дизельді насосты тегін алып, оны жаз бойы пайдаландық. Онан бөлек шаруашылықаралық каналдар бар. ЛМК-9, ЛМК-11 дейді. Екі каналдың өзінен 17 км жерді тазартып берді. Қанағаттандырарлық жақсы өнімге қол жеткіздік. Шаруашылық бойынша гектарына 50-55 центнерден өнім алдық.

Егінді сусыз қалдармау үшін 67 су айдау құрылғысы өңір шаруаларына тегін үлестіріліп, 17 су арнасы тазаланған. Осындай шаралардың нәтижесінде аймақтың басты дақылы бітік шығып, орташа 56,7 центнерден өнім жиналды. 

Жорабек Нұрымбетов, өндірістік учаске бастығы:

- 19 ірі магистральдық және шаруашылық каналдар арқылы 3,4 млрд текше метр су берілді. Соның жалпы егістікке беріліп отырғаны 2,82 млрд. Бұл толық келісімшартта отырған су қамтамасыз етілді.

Алдағы уақытта да Сырдария асып-тасып ағады деп болжау қиын. Сондықтан әр тамшыны үнемдеу шаралары одан әрі жалғаса бермек. Ол үшін өңірдегі 26 су арнасының гидроқондырғыларын автоматтандыру жұмыстары басталып кетті. Соның бірі Айтек су тоспасы. 

Жорабек Ерназаров, "Қазсушар" РМК филиалы директорының орынбасары:

- Республика бойынша барлығы 120 канал 2025 жылға дейін бағдарламаның ішінде тұр. Сол 120 каналдың ішінде Қызылорда облысы бойынша барлығы 26 канал енгізіліп отыр. Сол бағдарламаның басы осы Айтек каналы, Елтай, Соркөл каналдары мен осы Айтек су торабын да автоматтандыру жұмыстары жүргізілді. Автоматтандырылған жағдайда әр су пайдаланушы қаншама су алып жатқанын өз көзімен көріп отырады. Ең артықшылығы сол.

Іргесі 1956 жылы қаланаған «Қызылорда» су тоспасын жөндеу жұмыстары да жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Ірі гидронысан өзен бойындағы су ағынын реттеп қана қоймай, 110 мың гектар егіндік пен 250 мың гектар шабындық, жайылымдарды суландыру үшін маңызды.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов