Балқашта Жидебай батырға ескерткіш орнатылды

Балқаш қаласында қазақ халқының батыры, шешен, әрі биі, Жидебай Қожаназарұлына еңселі ескерткіш орнатылды. XVII-XIX ғасырларда өмір сүрген даңқты қолбасшы Абылайханның арнайы жасағын басқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен көзге түскен. 34 жыл аттан түспей, елін сыртқы жаулардан қорғаған. Ескерткіш қала орталығындағы «Астана аллеясына» қойылды. Бес қаруын асынған батырдың алып бейнесін белгілі мүсінші Нұржан Биомаров жасап шыққан. Биіктігі 10 метр, ал салмағы 4 тонна. Қоладан құйылып, тұғыры мәрмәрмен қапталған. Ескерткішті орнатуға шамамен 108 миллион теңге жұмсалыпты. Ол қаржыны батырдың ұрпақтары жинаған. Көп бөлігін сол өңірден шыққан белгілі кәсіпкерлер берген. Маңайы абаттандырылды. Бұл күні жас ақын, Нұрдос Кәрімнің сөзіне жазылған белгілі сазгер Қуандық Сәденовтың «Баһадүр бабам, Жидекең» атты жаңа әннің де тұсауы кесілді.

Бақытжан Әрінов, ұйымдастыру алқасының төрағасы:

– Жидебай батыр туралы нақыл сөздер көп қалған. «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда...» деген. Қаз дауысты Қазыбек би айтқан: «Замана өтпес болсайшы, Жидекем өлмес болсайшы» деп. Тағы да халықтың нақылы: «Ел шетіне жау келсе, атқа қонған Жидекем, ел ішіне дау келсе, таққа қонған Жидекем, қазағымның басына баққа қонған Жидекем» деп, бұл кісінің атына, сондай батырлығына ерлігіне үлкен баға берілген.