Қаңтар оқиғасы: 1500-дей азамат рақымшылыққа ілігеді

Қаңтар оқиғасына қатысқандардың дені рақымшылыққа ілігеді. Бұл жөнінде бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, қазір 1600 адам ұсталған. Соның 1,5 мыңына амнистия жарияланады. Бұлардың қатарында 1 полиция қызметкері де бар. Ол жасалған қылмысты тіркемегені үшін жауапқа тартылған. Ал күдіктілерді азаптағандарға қатысты жауапкершілік жеңілдемейді. Бас прокурордың орынбасары қызметін асыра пайдаланған 29 адам ұсталғанын айтты. Оның 17-сі полиция қызметкері болса, қалған 12-сі ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері. Оларға рақымшылық мүлде жасалмайтынын айтты Әсет Шындалиев. Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдарының 49 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы күнге дейін сотталған 1072 азаматтың 122-не бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылған.