Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы туған жерінде атап өтілді

Шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл.

Қазақ әдебиеті мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушының мерейтойы туған жері Жамбыл өңірінде өтті. Еңселі есерткіш пен өзі тұрған үйінде мұражай ашылды. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның мерейтойы ескерткіштің ашылуымен басталды. 8 мертлік тас тұғыр Халықаралық университетінің алдына қойылған. Онысы бекер емес. Себебі мереке тұсында білім ордасы халық жазушысының атын алып отыр. Ашылу салтанатында зиялы қауым өкілдері Шерағаның елге сіңген еңбегін айтып, сөз зергерінің өнегелі өмірінен сыр шертті.

Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Шерағаң ұлттың рухына өлшеусіз қызмет еткен, және бүкіл өзінің бар саналы өмірін халықтың, қажырын қайратын намысын жігерлендіріп. Міне осындай өзінің әр мақаласымен әрбір жазған әңгімесімен, повесть романдарымен халыққа қалқысыз қызмет еткен тұлға болатын.

Мұхтар Шаханов, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Ол өзі керемет шыншыл адам еді. Елдік ұлттық мүддеге терең тамыр жіберген адам еді. Шерхан атамыздың жұлдызы ылғи да шындық биігінен елдік ұлттық мүдде биігінен жарқырай берсін.

Мерейтой «Көне Тараз» орталығындағы ғылыми конференцияға ұласты. Жиында жазушының қолжазбалары, күнделіктері негізінде жинақталған «Ауылды, сені сағынам» атты кітабы мен 5 томдық шығармалар жинағы таныстырылды.

Торқалы той жазушының туған жері Талапты ауылында жалғасты. Мұнда сөз зергерінің өз үйі әдеби-мемемориалдық кешен ретінде ашылды. Мұражайда Шерағаның күнделіктері мен өзі қолданған заттары, киім және жұмыс үстелі сақталған.

Назым Қожамарова, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі:

- Шерағамыздың өзі киген костюм-шалбары. Тәспілері осы жерде көрмеге қойылған. 2 көзілдірігі көрмеміздің төрінен орын алып отыр. Өзі ұстаған портфельдері, қамшысы, тақиясы дегендей. Сондай ақ бұл жердегі ерекше дүниелері Шерхан Мұртазаның жалпы ғұмыр бойына күнделіктері бар екен. Сол күнделіктердің 65-і бүгінде біздің орталық сақтауында тұр.

Іс-шарада көркемсөз шеберінің өмірін бейнелейтін қойылым сахналанды. Шерхан Мұртаза атындағы республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Аламан айтыс өтіп, концерттік бағдарламаға ұласты.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә