Сандықтауда әлеуметтік нысандар ашылды – Ақмола облысы

Республика күні қарсаңында Ақмола облысының Сандықтау ауданында 72 отбасы баспаналы болды. Себебі мұнда әрқайсысы 36 пәтерлік екі көпқабатты үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал нысан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. Оның құрылысына ел қазынасынан 800 млн теңгеге қаржы бөлінген. Наталья Шаповалова – іргедегі Максимовка ауылынан көшіп келген жалғызбасты ана. Ол бір өзі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отыр. Бүгін оларға 2 бөлмелі пәтер бұйырды. Ал бұл отбасы баспана кезегінде 3 жыл ғана тұрған. Келіншек болса, аталған үйөзі үшін тосынсый болғанын айтты.

Наталья Шаповалова, Балкашино ауылының тұрғыны:

– Біз осынша қысқа мерзімнің ішінде бірден 2 бөлмелі пәтер аламыз деп ойлаған жоқпыз. Қызым қатты қуанатын болды. Біз секілді отбасыларға мүмкіндік жасап отырған осындай мемлекеттік бағдарламалардың бары қандай жақсы. Мереке қарсаңында бұл үлкен сый болды.

Наталья секілді баспаналы болғандардың бәрі бүгін өте қуанышты. Олардың көңіл-күйіне нөсерлете жауған жауын да кедергі бола алмады. Жалпы соңғы жылдары аймақта тұрғын үй құрылыс қарқынды. Нәтижесінде кезекте тұрған отбасылардың қатары біртіндеп сиреп келеді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Егер біз өткен жылы 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, 5 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етсек, биылғы жоспар 700 мың шаршы пәтер тапсыру. Ал бұл 5 жарым мың отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Үйлердің әсіресе, осындай аудан орталықтарында бой көтеріп жатқаны қуантады. Себебі, бұл, ауданның дамуына кепіл.

Сондай-ақ осы күні аудан орталығында жаңа стадион ашылды. Оған облыстық бюджеттен 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алдағы уақытта бұл арадан осы ауданнан шыққан атақты спортшылардың ізін жалғайтын өрендер түлеп ұшады деген сенім мол.

Бөгенбай Шамиғанов, спорттық-сауықтыру кешенінің директоры:

– Футзалдан бар бізде, одан кейін гір тасын көтеру, баскетбол, волейбол, күрестен бар. 800 баладай спортпен айналысады бізде. Облыста енді жақсы-жақсы орындар алуға тырысамыз.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Республика күні қарсаңында облыста тағы бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылады.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко