Отандық фармацевтика қарқынды дамып келеді

Биыл саладағы өсім 5%-ке жуықтаған. Бұл туралы «ГЛОБЛ ФАРМ» халықаралық фармацевтикалық форум барысында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде еліміздегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 24% отандық өндірісте шығарылады. 76% импорттық өнім. Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға дейін 50%-ке жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанда жасалған дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға шет елден сұраныс артқан. Дәрілік препараттардың көбі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Беларусь елдеріне экспортталады. Сондай-ақ жауапты министрлік Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларында медициналық-фармацевтикалық кластерлер құрмақ.

Ерхат Есқалиев, дәрі-дәрмек жеткізуші компанияның  басқарма төрағасы:

– Халықаралық көрмеге отандық медициналық жабдықтар өндіретін компаниялармен қатар шетелдің ірі фармацевтикалық өндірушілері де келіп отыр. Бұл біздің нарыққа қандай инновациялық дәрі-дәрмектер қажеттігін бағамдап отыру үшін қажет. Саланың дамуына ғылымның қосар үлесі зор. Сондықтан жоғары оқу орындары және медициналық ғылыми орталықтармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл алаңда шетелдік әріптестерімізбен бірқатар келіссөздер жүргіземіз.