Алматы облысында 13 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Үш жыл бұрын Алматы облысы Райымбек ауданында 33 мың гектар жердің игерілмей, бос жатқаны анықталған еді. Жақында соның 13 мың гектары мемлекетке қайтарылып, конкурс арқылы қолынан іс келетін азаматтарға беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Нарынқол өңірінде жайылым мәселесі де шешімін тапты. Аудандағы 11 ауылдық округтің халқы 30 мың гектардай жайылыммен қамтылған. Нарынқол өңіріндегі шаруа қожалығының басшысы Елтай Айдархан егін және мал шаруашылығымен айналысады. Жұрт қалаға үдере көшкенде ешқайда бармай, ауылда қалып, шағын шаруашылығын дөңгелентті. Қолға алған ісі ілгері басқан соң иелігіндегі 10 гектар жер аздық ете бастаған. Жақында оған мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі есебінен 14 гектар егістік берілді. Шаруа онда күздік бидай мен арпа егуді жоспарлап отыр. Себебі жем-шөпті сатып алғаннан өзің өсіріп, орып алған әлдеқайда тиімді. Қолында қажетті техникасы да бар.

Елтай Айдархан, шаруа қожалығының басшысы:

– Бұл өте ыңғайлы тәсіл болды ғой. Бұрын алдық жерді, аздау болды. Кішкене көбейтсек, пайдалансақ па дедік. Жүрдік ол кезде мемактіні алу қиындау болды ғой. Алматыға жүгіреміз, әрі жүгіреміз, бері жүгіреміз. Қазір, енді, бәрі ауданымызда, осы жерде келіп тұр. Аукционға қатыстық, аукционнан алдық. Мемакті шықты деген күні, міне, айдадық. Жалпы 14 гектар жер алдым.

Ауылдағы ағайынның көбінің қолында техника жоқ. Сол себепті кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып алып, игере алмай, тастап кетуге мәжбүр болды. Нарынқол өз алдына жеке аудан болып құрылғалы бері игерілмей бос жатқан 33 мың гектар жер анықталған. Жақында соның 13 мың гектары сот шешімімен мемлекетке қайтарылды.   

Мұхтар Батырханұлы, Райымбек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– 20 мың гектар жерді сотқа бердік. Оны да болашақта қайтару материалдарының бәрі сотқа берілген, мемлекетке қайтады. Қайтқаннан кейін ол жерлердің барлығы конкурс негізінде ауылдың осы тұрғылықты халық бар, жерді игеремін, жерді пайдаланамын деген шаруа қожалықтары бар кеңітемін деген, соларға жерді пайдалану мақсатында конкурс негізінде жүзеге асырылады, бөліп-бөліп береміз.

Аудан бойынша бос жатқан жерлерді қолынан іс келетін шаруаларға үлестіріп беруге арналған алғашқы конкурс қыркүйек айында өтті. Оған 250 адам қатысқан. Соның нәтижесінде 560 гектар жер 120 лотқа бөлініп, құжаттары заң талабына сай келетін 120 адам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерімен қамтылды.

Мұхтар Батырханұлы, Райымбек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Енді бұл осы жұмыспен тоқтап қалмайды. Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес жылдың аяғына дейін желтоқсан айының соңына дейін екінші конкурсты өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол жерде тағы да 120 участок шығады. Сонда тағы 120 адамды жермен қамтимыз. Осы үрдіс жыл сайын жалғасады.

Алматы облысының көптеген аудандарында жайылымдық жер тапшы. «Райымбек ауданында бұл мәселе түбегейлі шешілді. Біз өзімізге қарайтын барлық 11 ауылдық округтің халқын 29 мың гектар жайылымдық жермен қамтыдық», – деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұхтар Батырханұлы.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев