Ауылдағы емханалардың сапасы сын көтермейді

Осы олқылықты толтыру мақсатында келесі жылдан бастап 655 медициналық объект салынатын болады.

Бұл туралы арнамыздың «Бетпе-бет» бағдарлмасына келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Ел тұрғындарының тең жартысына жуығы ауыл-аймақта тұратынын ескерсек,елді мекендердегі  ауыл медицинасына көңіл бөлу күн тәртібіндегі ең өзекті мәселенің бірі. Соған байланысты президенттің тікелей тапсырмасымен  қазір ауыл медицинасының әл-ауқатын көтеру мақсатында ауқымды, ұзақ мерзімді  ұлттық жоба әзірленіп жатыр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Денсаулық сақтау саласында көтерілетін,шешетін мәселелер көп. Соның бір мәселесі ауылдық медицина болып табылады. Соған байланысты мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір ауыл медицинасы жөнінде үлкен ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда сол қазақстандықтардың медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету, медициналық көмекті жақындату осы министрліктің басты мәселесі. Соған байланысты айтып кеткен ұлттық жоба бойынша келесі жылдан бастап,алдағы осы екі жылдың ішінде 655 медициналық объект салынатын болады.