Жезқазғанға отандық және шетелдік ғалымдар жиылды

Жезқазғанға отандық және шетелдік ғалымдар жиылды

Алтын Орданың тікелей мирасқоры саналатын Ұлытау жерін әлемге танытуға тағы бір қадам. Жезқазғанға отандық және шетелдік ғалымдар жиылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Үш күнге жоспарланған іс- шара барысында 40-тан астам ғылыми жұмыс таныстырылып, Жошы ұлысы жөнінде баяндамалар тыңдалады.

Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 12 тарихи-мәдени кешен бар.

Оның тең жарымы Алтын Орда дәуіріне тән. Солардың бірі Жошы хан кесенесі.  Екі жыл бұрын өңірге ат басын бұрған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлытау жерін тарихи туризмнің ортасына айналдыруды айтқан болатын. Ол  үшін алдымен Жошы кесенесін әлемге паш етуді тапсырған еді. Ізін ала мұнда үлкен тарихи кешен салынды.  Қазіргі таңда дүние жүзінің 10-нан астам елінен ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференция ұйымдастырылды.  

Жезқазғанға отандық және шетелдік ғалымдар жиылды 

Ләззат Сембинова, тарихшы:

- Әлемге біз Жезқазған-Ұлытау өңірін ғана емес, Қазақстан мемлекетінің орнын көрсетуіміз керек. Таныта білуіміз керек. Танытып қана қоймай, туризмді дамыта отырып, экономикамызды да көтеруіміз керек.

Конференцияның пленарлық отырысында тарихи ескерткіштерді сақтауды жақсарту бойынша нақты шаралар талқыланды. АҚШ, Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан мемлекеттерінен келген ғалымдар тарихи мұраларды жаһанға насихаттаудың алғы шарттарын ұсынды. 

Абдуллах Гюндогду, Анкара университетінің профессоры:

- Өзбек, Қазақ, Тарат, Ноғай, Қарақалпақ, бұлардың барлығы Алтын Орда ішінен шыққан. Сол себептен Алтын Орда қазаргі түрік дүниесінің негізі болады.

Конференцияның алғашқы күнінде делегаттар Ұлытаудың тарихи орындарына саяхат жасады. Алтын Орда мәдени мұраларынан жасақталған мынадай фото көрмені тамашалады. Ал секциялық отырыста Алтын Орданың материалдық және материалдық емес мұраларын енгізу, сақтау және насихаттау мәселелерін пысықтады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев