Шахтинскідегі апаттан зардап шеккен екі кеншінің жағдайы өте ауыр

Ленин шахтасындағы апаттан зардап шеккен, екі кеншіге қазір операция жасалып жатыр.

Жағдайы өте ауыр-дейді дәрігерлер. Ал қалған екеуінің денсаулығы қалыпты. Таңертең палатаға шығарылды. Қазір болған жағдайға байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Олар апаттың себеп-салдарын анықтайтын болады. Ал қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге  көмек көрсетіледі.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Оқиға түнгі сағат 3-тер шамасында болған. Газдренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газы тараған. Бұл кезде шахтада 106 кенші болыпты. Оның 101-і эвакуацияланды. Өкінішке орай, 5 адам мерт болды. Оның ересегі 42 жаста болса, ең жасы небәрі 26-да.

Арман Қалықов, көмір департаментінің директоры:

- Қазір апат болған жерде авариялық жұмыстар жүріп жатыр. Жағдай бақылауда. Біз қара жамылған отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз, кешірім сұраймыз. Ұжымдық келісім-шартта көрсетілген барлық көмек көрсетіледі.

Ал зардап шеккен 4 кенші Мақажанов атындағы клиникада жатыр. Екеуінің жағдайы ауыр. Қазір операция жасалуда. Қалған екі кенші токсикология бөлімшесінен палатаға ауыстырылды. Жағдайлары қалыпты.

Талғат Жүкен, Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана директорының орынбасары

- Екеуінде де бас сүйек-мидың ашық жарақаты бар. Метан газына қатты уланған. Жағдайлары ауыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасау қиын. Біз барымызды салып жатырмыз.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал апаттың себеп-салдарын Үкіметтік комиссия анықтайды. Айта кетейік, бұл Ленин шахтасындағы алғашқы апат емес. 2006 жылы 41 кенші мерт болған еді. Мына ескерткіш сол марқұмдардың құрметіне қойылған.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев