Қазақ ұлттық университетінде Шерхан Мұртаза атындағы дәрісхана ашылды

Биыл қазақтың қабырғалы қаламгері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл.

1932 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ аулында дүниеге келген жазушы қазақ журналистикасында мектеп қалыптастырған біртуар тұлға еді. 

Бүгін қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Шерағаңның атындағы дәрісхана ашылып, ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шерхан Мұртазаның балалық шағы соғыстың ауыр кезеңінде өтті. Сүреңсіз жылдардың жазушы шығармаларына арқау болғаны да сондықтан. Тағдыр оны қаршадайыннан қайратты болуға үйретті. Кейін келе бұл болмысы шындыққа тіке қарап, әділдікті жақтауға, әлсізді демеп, ұлтым деген ұрпақтың қалыптасуына сеп болды. Бұған дәлел көп, дейді бүгінгілер. Жазушының сөзінен де, ісінен де, өміршең шығармаларынан де осы ұстанымды анық аңғаруға болады. 

Қайнар Олжай, ардагер журналист:

- Қаншама қазақ жауынгерлері Кеңес одағының әр жерінен қашып келгенде Шерхан Мұртаза аранайы комиссия құрғызып, сол кездегі мемлекеттік кеңесші деп аталады, заң жөніндегі Юрий Хитринге бастатып, мені Москва облсынан, Курск облысынан қашып келген солдаттардың тағдырын жазуға мені сол жаққа дейін іссапарға жіберген. Міне осындай, ұлтқа деген жанашырлығы, әлеуметтік мәселені көтеруі, ең өзекті тақырыпты айтуда ешкімнен жалтақтамауы Шерхан Мұртазаның басты қасиеттері.

Жазушылық пен журналистика Шерхан Мұртазаның қос қанаты болғаны көпке мәлім. Екі желкенді де ала жүріп, елдің мәселесінен де сырт қалмаған қаламгердің қайраткерлігі өз алдына бір төбе. Қоғамның дертін тап басып, оны бүкпей, ашық айтуы, талай мәселенің шешімін табуына себепкер болды, дейді қарашаңырақ ұлттық университетке жиналған зиялялар қауымы. 

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шерағаңның журналистігі, жазушылығы бір төбе де, қайраткерлегі шын мәнінде ол кісіні шыңға шығарған халықтың махаббатын өзіне тартқан осы қайраткерлігі. Газетті тек қана сол кездегі биліктің ғана ұраны қылмай халықтың айтқанын айтып, билікті сынай білді. Сынаса да оны іш тартып, бүйрегі бұрып сынапды.

Шерхан Мұртаза – тұтас бір дәуір. Ол талантты буынды тәрбиелеген, өзіндік мектеп қалыптастырған тұлға. Бұған қаламгерлер ортасында қалыптасқан «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деген тіркес дәлел. Ал, енді кейінгі ұрпақ жазушы атындағы дәрісханада «Ай мен Айшаны» оқып, «Қызыл жебеге» үңіліп Шерхан Мұртазаны тани түсері анық.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов