Жолаушылар Алматыдан Пхукетке ұша алмай отыр

Жолаушылар Алматыдан Пхукетке ұша алмай отыр

Бұл – Scat әуекомпаниясына наразы жолаушылардың базынасы. Әуежайдағы 200-ге жуық адам Пхукетке алып баратын ұшақты сарылып күткен.  Әуе кемесі қарашаның жетісі күні түнгі сағат 2:30-да ұшуға тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде таралған видеоның авторы Үндістан барлық ұшақ үшін әуе кеңістігін жапқандықтан рейстің сағат 14:00-ге шегерілгенін түсіндіреді. Десе де әуежайға жиылған жолаушыларды  Scat компаниясы тағы да түн жарымына дейін күтуді сұраған. Демалысқа жолдама алғандар жоспарларының бұзылғанын айтып шағымдана бастады.

Виктория Старожилова, Scat компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы:

- Алматы–Пхукет бағытындағы рейстің кешігуіне Үндістан аумағындағы әуе кеңістігі арқылы ұшуға рұқсат беретін құжаттың кешіктірілуі және Пхукет әуежайының уақытша жабылуы себеп. Борт Астана уақытымен сағат 24:00-де ұшады. Қалада тұрмайтын жолаушыларға қонақүйден бөлме берілген. Ыңғайсыздық туғызғаны үшін әуе компаниясы жолаушылардан кешірім сұрайды.