Алматыда автобус апатына ұшыраған 9 адам ауруханада жатыр

Алматыда қоғамдық көліктердің соқтығысуынан кейін 21 адам медициналық көмекке жүгінген.

Олардың 9-ы қалалық аруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша барлығының жағдайы қалыпты. Қалғаны алғашқы медициналық көмектен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілген. Екі автобус соқтығысқан жерге тоғыз жедел жәрдем бригадасы көмекке келген. Зардап шеккендердің арасында бір бала бар. 

Лейла Иманғалиева, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы:

- Балалар шұғыл медициналық  қызмет көрсету орталығына 2013 жылы туған бір бала медициналық қызметке жүгінді. Медициналық көмекке стационарлық емге жатқызылды. Баланың диагнозы мидың шайқалуы және маңдай аймағы мен мұрны көгерген. Сол бойынша нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Қазіргі таңда емделіп жатқан науқастардың диагнозы ми шайқалуы әртүрлі травма бойынша ем қабылдап жатыр.

Естеріңізге салайық, бүгін Алматыда Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қилысында нөмірі 201 және 98 бағыттағы автобустар соқтығысқан. Өкінішке орай, көше қиылысында тұрған бір адам жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Автобустардың бірі City Bus, екіншісі  "Алматыэлектротранс» компаниясына тиесілі. Қазір тергеу жүріп жатыр. Жол апатының нақты себебі зерттеулерден кейін белгілі болады.

Игорь Совпенко, куәгер:

- Оқиға шамамен түскі уақыттарда болды. Бағдаршамдар істемей тұрған. Төле би көшесімен келе жатқан 201-маршрут Абылай хан даңғылымен көтеріліп келе жатқан 98-автобусты жіберу керек еді. Бірақ қатты келген бойда қағып өте шықты. Екеуіде жолдың шетіне шығып кетті. Біз дереу жүгіріп барып автобустан шыға алмай жатқан жолаушыларға көмек бердік.