Павлодарда ескі үйлер сүріліп жатыр

Павлодарда өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған үйлер сүріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екіқабатты баспаналар апатты деп танылып, жылу, су және кәріз жүйелері істен шыққан. Тұрғындар әлі күнге дейін от жағып, шелектеп су тасып жүр. Енді күрмеуі қиын мәселе шешімін табады. Нысандар бұзылып, айналасы абаттандырылады. Қазіргі уақытта бұл істі қолға алатын инвестор табылды.

Затон шағын ауданының тұрғындары үйлерін жөндеуден әбден шаршаған. Екіқабатты үйлер ағаштан салынған. Кейбіреулері өртеніп те кеткен. Коммуналдық желілері істен шыққандықтан, пәтер иелері қыста пеш жағып күн көреді. Енді бұл күндер артта қалмақ.

Ольга Бубликова, қала тұрғыны:

- Осындай жағдайда тұрып жатқанымызға 20 жылдан асты. Ол кезде ұлым үш жаста еді, енді 29 жастағы жігіт. Осы күнді ұзақ күттік, қуаныштымыз. Құрылыс жұмыстары жүргізілгенше ата-анамның үйінде тұрамыз. Инвесторлармен жаңа пәтер алу үшін келісімшартқа қол қойдық.

Облыс орталығындағы бұл үйлердің 70 жылдық тарихы бар. Мәселен, мына нысан 1928 жылы салынған. Олар бірінші кезекте бұзылады.

Әлия Жүсіпова, құрылыс компаниясының өкілі:

- Сүріліп жатқан үй тұрғындарына уақытша баспана ұсынылды. Құрылыс аяқталған соң осындағы пәтерлерінің пәтер аумағына сәйкес үй беріледі. Қазіргі уақытта ағаш үйлерді бұзып, орнын тазалаймыз.

Ал инженерлік желілерді тартумен жергілікті билік өкілдері айналысады. Нақты жоспарлау негізінде шағын аудандағы 20 үй сүрілмек. Нәтижесінде 200-ге жуық пәтер қолданысқа беріледі.

Жангелді Шалғымбаев, қалалық Қала құрылысы және сәулет бөлімі басшысының орынбасары:

- Инвесторлар бұл шағын ауданға қызығушылық танытқан жоқ. Себебі, инженерлік желілер жоқ. Бірақ, көптеген кездесу өткізіп, бір келісімге келдік. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді тарту жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұған атқарушы органдар жауапты.

Кешенді жоспар бойынша шағын ауданда балаларға арналған шағын орталық салынады. Сонымен қатар, ойын алаңдары, автотұрақ қарастырылған. Бүгінде жергілікті әкімдік тағы төрт шағын ауданды дамыту жоспарын әзірлеп жатыр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат