Шортанды ауданында төрт медицина нысаны тұрғызылады

Ақмола облысының Шортанды ауданында алдағы жылы 4 бірдей ауылда медицина нысаны салынады.

Себебі елордаға іргелес жатқан бұл ауданда халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Ал қолданыстағы амбулаториялар мен дәрігерлік-акушерлік қосындар толық жабдықталып, қажетті мамандармен қамтамасыз етілген, - дейді, жергілікті билік өкілдері. 

Бозайғыр ауылының 3 жарым мыңнан астам халқына қызмет көрсететін бұл нысан 2015 жылы салынған. Бозайғырлықтардан бөлек осы ауылға қарасты Төңкеріс пен Құлшын елді мекендерінің тұрғындары да басы ауырып, балтыры сыздаса осында келеді. Ал олар үшін мұнда 10 шақты медицина маманы еңбек етеді. Жергілікті жауаптылардың сөзінше, мамандар осыншама адамды қарауға емін-еркін үлгіреді. 

Нұрлан Шагиров, Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Одан басқа бұл жерде жедел жәрдем станциясы бар. Ол да күні-түні, тәулік бойы қызмет етеді. Сондықтан жақын орналасқан аудандық ауруханаға жеткізіледі науқастар. Жаңағы невропотолог, кардиолог дәрігерлеріне аудандық ауруханаға немесе Астанаға да мына жерден де көрінуге мүмкіндік бар жолдама арқылы.

Емхана шағын ғана болғанымен мұнда пациенттер үшін барлық жағдай жасалған, - дейді, ауданның бас дәрігері. Мәселен, күндізгі стационар, түрлі сараптамаларды зерттейтін арнайы зертхана және ең бастысы, көп ауылда кездесе бермейтін педиатр маман бар. Халқы көп болса да, соларға уақытылы қызмет етіп отырған дәрігерлерге тұрғындар да дән риза.

Валентина Нұрашева, Бозайғыр ауылының тұрғыны:

- Былтыр мен қатты ауырып, жедел жәрдем шақырып едім, олар тез жетіп, шапшаң әрекет етті. Тіпті ертесіне де дәрігерлер үйіме келіп, хал-жағдайымды біліп кетті. Сондықтан мұндағы медицина мамандарына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Кабинеттердің алдында кезекке тұру да мұнда бір жолға қойылған. 

Жалпы Ақмола облысында қазір ауылды жерлерде 500-ден астам медицина нысаны жұмыс істеп тұр. Ал оларға 330 мың тұрғын тіркелген. Одан бөлек шалғай елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсететін 10 шақты жылжымалы кешен бар. Олар былтыр 55 мыңға жуық адамды дәрігерлік тексерістен өткізген. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный