Өскеменде ерекше балаларға арналған киімдер тігіле бастады

Өскемендік тігіншілер мүгедектерге арналған киімдер тігу ісін қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның алғашқы партиясы ерекше балаларға арналған. Жергілікті өндірушілер Қазақстанда біздің тауарларымыздың баламасы жоқ деп отыр. Мүгедектерге арналған киім-кешектер қаладағы оңалту орталықтарына, тегін таратыла бастаған.

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды киіндіру қиын және ол өте қымбатқа түседі. Арнайы тігілетін киім-кешектерді таңдау да оңай емес. Өйткені олар көбіне тапсырыспен жасалады немесе шет елдерден әкелінеді. Сол себепті жергілікті кәсіпкер Әлия Адамова бұл істе өз көмегін көрсетуге бел буған. Оның шеберханасында қазір күрделі тапсырыстар бойынша киімдер тігіліп жатыр. Мұндай киім киген балаларды көлік жүргізушілері түн ішінде алыстан байқайды. Ол шешініп, қайта киінуге де өте ыңғайлы.

Альфия Жүнісова, тігінші:

- Бұл киімдер ерекше балаларға арналған. Ондай балалар көп жүре алмайды. Сондықтан олардың киімдерін ауыстырғанға қиын. Матасы өте жұмсақ. Балаларға кигенге өте ыңғайлы және алдында мынандай алжапқыштары бар.

Әлия Адамова өзінің бұл жұмысын әлеуметтік маңызы бар жобалар қатарына жатқызады. Оны коммерцияландыруға да болар еді. Бірақ әзірге тапсырыс өте аз. Ал көршілес Ресейде мұндай киімдердің бағасы біздегіге қарағанда екі есе қымбат. Әлияның тігін шеберханасында шыққан өнімдердің алғашқы партиясы қаладағы оңалту орталықтарына жөнелтілді. Әлеуметтік көмек ретінде тігілгендіктен ол киімдер ерекше балаларға тегін берілген.

Айнұр Бижігітова, ерекше балаларға арналған балабақша қызметкері:

- Әлия Маратовна екеуміз бірігіп, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған киімдердің коллекциясы үлгісін бірге жасадық. Ол кісінің осындай көмек көрсетіп отырғанына қуаныштымыз. Өйткені бізде Қазақстанда мұндай ерекше балаларға арналған киім үлгілері болған жоқ. 

Тігінші аталған әлеуметтік жоба барысында өзге өңірлердің сұранысы да ескерілетінін айтты. Бұл тұрғыда тауарды жеткізумен айналысатын компаниялардың бірімен келіссөз жүргізілген. Олар бастапқыда мүгедектерге арналған киімдерді тегін жеткізбекші.

Әлия Адамова, әлеуметтік кәсіпкер:

- Өнімдеріміз алдағы уақытта электронды сауда желілерінде жарнамаланады. Біз үшін адамдардың бір-бірінен естіп, біле бергені жақсы. Ол жаңа желіміздің жұмысын жандандыруға септігін тигізеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлер болашақта тауарларына техникалық сертификат алып, тендерлік негізде жүзеге асатын аса ірі көлемдегі тапсырыстарды орындауға талпынып отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин