ШҚО-да жылу қазандықтары ескірген

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жылыту маусымына дұрыс дайындық жүргізбегендердің жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Риддердегі жылу электр орталығының қазандықтары жөндеуден өтпеген. Салдарынан жылу маусымы басталмай жатып, төрт қазандық істен шықты. 7 қараша күні қалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 22 мың абонент жылусыз қалды. Өлкедегі энергетикалық мекеме өкілдері мен өндіріс мамандары бірігіп, станса жұмысын қалыпқа келтіріп жатыр. Қазір үш қазандық іске қосылды. Үйлерге баратын жылу температурасы 60 градус. Жоғары қысымдағы №6 қазандықты толық қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жалғасуда. Сынақтан өткен соң ол да жылу жүйесіне қосылады. Әкімнің мәліметінше №5 қазандық бойынша мәселе күрделі. Ал №4 қазандықты бүгін іске қосу жоспарланған.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Орталық күрделі жөндеу жұмыстарын мүлдем көрмеген десе де болады. Дәл осы жауапсыздық жағдайды қиындатып жіберді. Сондықтан ең мықты, арнайы мамандар жұмылдырылды. Тіпті әр қазандық бойынша жеке-жеке жөндеу бригадасы бекітілді.