Шымкенттің тарихы мен көрікті жерлері қырғыз туроператорларына таныстырылды

Еліміздің туристік орталығына айналған шаһардың тарихы мен көрікті жерлері қырғыз туроператорларына таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бішкек пен Шымкент арасы небәрі 500 шақырым. Соңғы жылдары жұрт мәдениеті мен сәулеті ерекшеленетін қалаларға жиі саяхаттайтын болды. Бұл тұрғыдан көне Шым шаһардың көрсетер дүниесі көп. Тарихи ескерткіштері, заманауи қонақ үйлері мен тіл үйіретін тағамдар дайындайтын дәмханалары бар.

Нұрбек Сапаров, туроператорлар қауымдастығының директоры:

- Ташкентке Жібек Жолы секілді туристік өнім үшін барады. Ал Бішкектен Ташкентке дейін жол ұзақ екенін білесіз. Осы тұрғыда Шымкент аралық орын, Жібек Жолы турының жалғасы ретінде қарастырылуы мүмкін. Тағы да мен жақын орналасқан Түркестанды да атағым келеді. 

Туроператорлармен кездесуінде Шымкент қаласы әкімшілігінің өкілдері қонақтарды қабылдап, оларды серуендетуге жасалған мүмкіндіктері жайында баяндап берді. Ұялы қосымшамен үйлестірілген шаһардың цифрлық платформасын таныстырды. Этнографиялық бағдарламаға вертуалды шолу жасалды. 

Азамат Нұрымбетов, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының бас маманы:

- Ақпаршоудың ең басты маңыздылығы және артықшылығы – екі өңір арасындағы туристік сала мамандарының, туристік сала азаматтарын байланыстыру және ынтымақтастандыру болып табылады. Шымкент қаласы – қазіргі таңда ең ірі мегаполистерінің бірі болып табылады және де туристік әлеуеті қазіргі таңда жоғары қалалардың бірі. Шымкент қаласына 300 мыңға жуық турист келіп кетті және де 2025 жылға дейін бұл санды арттырамыз деген үміттеміз.

Іс-шара қорытындысы бойынша Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Қырғызстан туроператорлар қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Енді туркомпаниялар саяхаттаудың жаңа бағыттарын аша алады. Оған қоса, бірлескен кәсіпорындарға қаржылай көмек көрсетіледі.   

Авторы: Бақыт Чермашев