Жезқазған перзентханасында аналары мен шақалақтар жылуы жоқ палатада түнеп шықты

Жезқазған перзентханасында жылу жүйесінен ақау  шығып, жас босанған аналар мен шақалақтар суық палатада түнеп шықты. Себеп ғимаратқа жылу айдап тұрған сорғы істен шыққан.

Қазір мәселе шешілді. Дегенмен, сенім аз. Бүгін сынған құрылғының, ертең де істен шығуы мүмкін. Оған жол бермес үшін не істемек керек? Жауаптылардың уәжі қандай? 

Қарашаның қара суығында жылусыз қалып, ұлардай шулаған жандар бүгін көңілді. Ай-күнінен бұрын босанып қалып, нәрестелері арнайы бақылауға алынған аналар жылу тоқтағанда сәбилеріміз үшін қатты алаңдадық дейді. 

Орал Ахметжанова, жас босанған ана:                         

- Сол 19-ы күні отопление жоқ кезде, одан кейін жылынды отопление берген соң. Қазір жақсы, жылы.

Перзентхана облыстық көпбейінді аурухана базасында орналасқан. 9 қабатты ғимараттағы ауа температурасын арнайы сорғылардың көмегінсіз қалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы қосалқы сорғылар сатып алуға әрекет жасап жатыр. Мәселені шешудің әзірге жалғыз жолы осы.  

Мұратжан Қажғалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Өңірімізде жаңадан перзентхана бой көтеруі жоспарланған. Бүгінгі таңда перзентхананың жер телімі  белгіленді және сызба-нұсқа жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылы іргетасы қаланып, 2024 жылы халық игілігіне, қолданысқа тапсырылатын болады.

Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері толығымен жаңартылады. Демографиялық көрсеткіші жоғары екі ауылда отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылады.  Тағы ондаған ауылда медициналық пункттер ашылады.

Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев