Отандық дәрігерлер жүрек ақауын тың әдіспен емдей бастады

Оның арқасында қан айналымына зақым келтіретін жүрек қақпақшасындағы тесіктер арнайы миктраклиппен бекітіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашық операция жасау қауіпті, жасы егде тартқан науқастарға тиімді. Тың технологияның ерекшелігін Мерей Мұратханқызы айтып береді.

Әйнектің ар жағында жатқан науқастың жүрек клапандары дұрыс жұмыс істемейтін. Салдарынан ол жылдар бойы қиналып келді. Енді отандық дәрігерлер игерген бірегей технология енгізілуі арқасында оның өмір сапасы түзелуі керек.

68 жастағы науқасқа бірер жыл бұрын операция жасалған. Бірақ жағдайы оңалмады. Себебі жүрек ақауы салдарынан қан айналымы нашарлап, өзге ағзаларын зақымдаған. Қайтадан кеудені ашып, операция жасау қауіпті еді. Дәрігерлер кеңесе келе, «жаңа технологияны пайдаланамыз» деп шешті. 

Абдурашид Мұсаев, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы катетерлеу зертханасының меңгерушісі

- Бұл операцияны шаптан жасаймыз. Қан тамыры арқылы жасаймыз. Митральный клипсаны жүректің ішіне алып барамыз. Қақпақшаның екі створкасына ортасына саламыз. Операциядан кейін недостаточность азаяды. Науқастардың өмір сапасы жақсарады. Бұл Қазақстан үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.

Ол рас. Тың әдісті меңгеру, тіркеу, енгізуге 10 жыл кеткен. Бірнеше сатылы дайындықтан кейін технолонияның жетілген түрі қолданысқа еніп отыр. Осылайша Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында, Түркия мен Ресейден келген мамандардың бақылауымен, 4 операция жасалды.

Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия жөніндегі директоры:

- Бұл технология негізінен дамыған елдерде бар. Қазақстандықтар үшін де қолжетімді болуы үлкен жетістік. Алдымен орталықта 50 операция жасалады. Кейін заманауи технологиясы бар өзге өңірлерде енгіземіз.

Тиімді, бірақ оңай емес. 2-3 сағатқа созылатын операцияға бір топ дәрігер қатысады. Бәрі сақадай сай болуы керек. Бастысы ем-дом шарасы тегін. Ол үшін арнайы мемлекеттік квота бөлінеді. Науқас жүректегі ақаудың азайғанын бірден байқайды. Тынысы түзеліп, қозғалысы ширай түседі. Бұл да отандық медицинаның жетістігі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт