Оралда жеке кәсіпкер дәрумендерге бай мал азығын дайындайтын цехты іске қосты

Оралда жеке кәсіпкер дәрумендерге бай мал азығын дайындайтын цехты іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрама жем түліктің тез қоң жинауына жәрдемдеседі. Мемлекет көмегін тиімді пайдаланған шаруа түйіршіктелген қоспа әзірлейтын қондырғы да сатып алған.

Ата кәсіп өрістеген өңірде мал азығының сапалы болуы маңызды. Бұған дейін шаруалар құрама жем атаулыны өзге елдерден сатып алатын. Енді бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де ден қоя бастады. Диана Әбуова іске қосқан жаңа цехта дәруменге бай құрама жем дайындалады. «Бұл қоспалар түліктің тез қоңдануына мүмкіндік береді»,- дейді шаруа.

Диана Әбуова, кәсіпкер:

- Бұл кәсіпті бастауды 5 жыл бұрын ойға алған едім. Мақсатым – мал мен құс шаруашылығын өрістетіп жүргендердің жұмысын жеңілдету. Былтыр мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз несие алдым. Осы қаржыға қажетті қондырғылар сатып алдым. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өндіріс қуаты жылына 10 мың тонна өнім өндіруге жететін цехты іске қостым.  

Биыл шағын бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, отызға тарта аймақ кәсіпкері 120 млн теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге қол жеткізді.  

Мейрам Қабдығалиев, Облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік гранттар 5 млн теңге дейін қарастырылған. Қайтарымсыз болып есептеледі жобаны толықтай асырған жағдайда. Бұған әр кәсіпкер қатыса алады. Ол электронды түрде жүргізілетін болады, 2020 жылдан бастап «Қолдау кз» порталы арқылы. Ол үшін кәсіпкердің өзінің бизнес жобасы болу керек. Қазіргі таңда бұл бағдарлама ойынша көптеген жеңілдіктер енгізілді.

 Бүгінгі күнге дейін аймақта 148 кәсіпкерге жалпы сомасы 783 млн теңге болатын шағын несие берілген. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнес саласындағы тағы 50 шақты жобаны қаржылай қолдау көзделіп отыр.  

 Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов