Қарағанды облысында дәрілік өсімдіктерден тұнба дайындайтын әже тұрады

Қарағанды облысы Үміткер ауылында тұратын Ғаділбану Азнабаева ғұмырында ауруханаға жатып көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

96 жастағы кейуана сырқатанып қалса, емдік шөптерден жасаған тұнбаларын ішеді.  Шикізатты алыстан іздемейді. Бау-бақшасында баптап отыр. Дегенмен емдік өсімдіктерді пайдаланған кезде сақтық шараларын ұмытпау керек,- дейді ол.

Ғаділбану Азнабаева сан түрлі тұнбалардың рецебін өзі ойлап тапқан. Ол үшін көптеген әдебиетті ақтарып, дәрілік өсімдіктердің құрамын әбден зерттеген. Мысалы, алоэ сығындысына спирт пен бал қосып ішсе асқазан жұмысын жақсартады екен.

Ғаділбану Азнабаева, Үміткер ауылының тұрғыны

- Екі мезгіл ішу керек бұл алоэнің дәрісін. Таңертең ерте, аш қарында алғашқыда кішкентай қасықпен үйрену керек. Одан кейін үлкендеу ағаш қасықпен. Адамдарға солай істеп беріп жатырмын. Зәру болып келген адамдарға.

Кейуана тұнба жасау үшін түйежапырақ, асқабақ дәні, ақ жусан және тағы басқа өсімдіктерді қолданады. Оның барлығы өзінің бау-бақшасында өседі екен. Күзде жинап, кептіріп қояды. Бірер жыл бұрын қызы қатерлі ісік ауруына шалдығып, ауруханада ұзақ жатып қалған. Кейін жүре алмай, шөптің көмегімен аяққа тұрыпты. 

Айман Ысқақова, Ғ. Азнабаеваның қызы:

- Аяғымды нық баса алмаймын. Құлап кетемін. Әлсіздік аяқта. Көп жатып та қалған шығармын, қимыл аз болады ғой больницада жатқан соң. Сосын маман жаңағы алоказия, осы шөптен дәрі істеп, өз аяғына жағып жүретін, осыны жақсы деп маған берді. Соны жақтым. Соның барлығына мамамның жаңағы тұнбасы жақсы көмектесті маған. 

Ғаділбану Шәуәлиқызының ұлты башқұрт. 1952 жылы Қазақстанға комсомолдық жолдамамен келіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Кейін ағайын-туысы оны Ғалия деп атап кеткен. Он бала өсіріп жеткізген Батыр ана. Кейіпкеріміз осы күнге дейін бірде-бір рет ауруханаға жатып көрмепті.  

Ғаділбану Азнабаева, Үміткер ауылының тұрғыны:

- Укол да алмаймын. Денем сүймейді ондайды. Өзім ауырып қалсам өзімнің дәрімді жасаймын да тәуір боламын. Аяғымды да сол. Операция жасайық бірдеңе өсіп келе жатыр деді. Қалаға апарып түсірдім. Дым да жоқ. Өзімнің дәрімді ішкен соң жүріп кеттім, дәнеңе де болған жоқ.

Әжеміз 40 жыл мұғалім болып, математика пәнінен сабақ берген. Сондықтан болар санасы әлі сергек. Немере-шөберелерінің сабағын қадағалап, есеп шығаруға көмектеседі. Тіпті, үй тірлігіне араласып, тыным таппайды екен. Ауылдастары Ғаділбану әженің ғасыр тойын асыға күтіп жүр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар