Аралдың құрғаған ұлтанына орман егіледі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің 1 миллион 100 мың гектар құрғаған табанына сексеуіл егілуге тиіс.

Қызылорда облысының орманшылары бұл межені 2025 жылға дейін еңсеруі керек. Қазіргі таңда Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының орман шаруашылығы мекемелері сексеуіл тұқымын себу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп жатыр.

Сексеуіл тұқымы мен көшеті 3 тәсілмен егіліп жатыр. Өткен жылы 100 мың, ал биыл жалпы аумағы 250 мың гектар алқапқа мелиорациялық шаралар жүргізілді.  

Айбек Жолаханов, облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекция бөлім басшысы:

- Көктемде наурыз айында 12 мың га көшетпен отырғызылды. Қыркүйек, қазан айында 141 мың га орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шаралары жүргізілді. Қазіргі таңда 96 мың га жерге сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

1 гектар аумаққа 3 жарым келідей тұқым себіледі. Орман шаруашылығына қарасты тұқымбақта 3 санатты 232 тонна тұқым қоры дайындалған.  

Ғарифолла Смағұлов, Арал орман мекемесінің басшысы:

- Бұл жерде сексеуіл, сарсазан, барқын, түзгін де бар. Соның бәрі жыртылған жерге түседі де соның өсуіне ықпал жасайды. Негізі Арал теңізінің құрғаған ұлтанына жасалған жұмыстың бәрі нәтижелі.

Тұзы шығып, сор тартқан теңіз табанында өсімдік өсіру және жерсіндірумен қазір 15 техника және 60 адам айналысып жатыр. Қазіргі таңда тартылған Аралдың құрғаған ұлтанының көлемі 4 жарым миллион гектардан асып кеткен. Оның жартысы Қазақстан аумағына кіреді.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев