Ақтөбеде екпе қате салынған балалар шипажайға барады

Манту екпесінің орнына БЦЖ салынған оқушылар шипажайда ем алатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның айтуынша балалардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Алайда ата-аналары шипажайға жолдама беруді өтінген.

Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбедегі емдеу орындарының бірінде қызмет ететін медбике 42 оқушыға манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасын салған болатын. Кейіннен ол өз еркімен жұмысынан кетті. Дегенмен полицейлер 58 жастағы маманға қатысты «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» бабы бойынша іс қозғады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Балалардың денсаулығына БЦЖ екпесінен келген зиянды әсер жоқ. Оқушыларды жергілікті дәрігерлермен қатар республика деңгейіндегі мамандар бақылап отыр. Алдағы уақытта да назарымызда болды. Ата-аналары шипажайда оңалтуды өтінген болатын. Мұны министрлік толықтай қолдап отыр.