Екібастұзда жылу жүйесіндегі апат тексеріліп жатыр

Екібастұздағы жылу желілерінде болған технологиялық апатқа байланысты жылусыз қалған тұрғындар, екі айға жылу төлемінен босатылуы мүмкін.

Бұл туралы тілшілерге сұхбат берген Энергетика министрлігі Атомдық энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Екібастұзда 51 көп қабатты үй жылуға толық қосылды. Қалған үйлерде апаттық қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Пәтерлерде радиаторлар жаңартылып, мұз болып қатып қалған құбырлар жібітілу үстінде. Кешеден бері жөндеу бригадалары мыңға жуық батареяны ауыстырды. Дәл қазіргі сәтте 851 адам дамылсыз еңбек етіп жатқанын атап өту керек. Бүгінде жылу орталығы тұрақты жұмыс істеп тұр. "Ал өткен жексенбіде болған жағдайға, біріншіден желілердің тозуы, екіншіден жылу орталығымен жылу жүйелерінің ара-сындағы арақатынас себеп болуы мүмкін", - дейді мамандар. Апат болған күні үш қазандық жұмысын тоқтатқан. Тиісті жөндеу жұмыстары бір күнде атқарылып, орталық қалыпты деңгейге шықты. Бірақ қысымға шыдас бермеген еСкі құбырлар 43 жерден жарылды. Қазір апаттың салдарын жою жұмыстары ғана емес, құзырлы органдар қыс мезгілінде коммуналдық апатқа, жол берілу себептерін анықтауға кірісіп кетті. 

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрлігі атомдық энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:     

- Әрине қиын жағдай. Бірақ жөндеу жұмыстары толық жасалып жатыр. Барлық көмектер көрсетіледі. Оның үстіне мына жылу беру компаниясы енді кінәлілігі бар. Сондықтан шешім қабылдап өздері тағы айтар екі ай жылуды төлеуден босатылады. Сосын қосымша тағы да қосымша тағы бір көмек жасайтын шаралар дайындалып жатыр. Енді тергеу жағынан айтсақ біз жалпы энергетика министрлігі өзіміздің құқығымыз бойынша тиісті тексеру жүргізіп жатырмыз. Ол жуық арада бітеді.