Ақтауға бүгін ыстық су беріледі

Ақтауға бүгін ыстық су беріледі. Жауаптылар кеше кешкісін жұмысы тоқтаған су резервуарларының қайта толтырылуға қойылғанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 желтоқсанға қараған түні барлық ауданда ыстық су ақпай қалғанын, бұған дейін хабарлаған едік. Коммуналдық мәселе «Маэк» энергетикалық комбинатына тиесілі 6 қондырғының біреуінің істен шығуынан туындаған. Сондай-ақ соңғы тәуліктерде Маңғыстау өңірінде ауа температурасының -9 -11 градусқа төмендеуі кәсіпорын қызметіне кері әсер еткен.

Аян Өтелбаев, «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС пайдалану және жөндеу департаментінің директоры:

- Дистиллят өндіретін 1 қондырғы жөнделіп жатыр. Осыған байланысты қалаға берілетін ыстық судың көлемі кешеден бері төмендетілді. Қазіргі уақытта су резервуарлары қайта толтырылуға қойылды. Кешке дейін барлық ықшам ауданға ыстық су беріледі. Жөндеу жұмыстарына байланысты 2 тәулікте түнгі мезгілде ыстық су шектеулі мөлшерде жіберіледі.