Ақмола облысында еріктілер саны артып келеді

Жыл басынан бері аймақтағы волонтерлар қатары тағы 800 адаммен толыққан. Бүгінде өңірде 89 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Онда бас-аяғы 4 мыңға жуық волонтер тіркелген.

Еріктілер күніне орай барлық белсенді жастар облыс орталығында бас қосты. Кездесу еркін форматта өтті. Волонтерлер өзара пікір алмасты. Тың жобаларын таныстырды.

Ақбота Рауанқызы, ерікті:

- Қарттарға, балаларға көмек, жалпы қаланың экологиясына қатысты көптеген жұмыстармен айналыстық. Біз ұйым болып немесе басқа да еріктілермен қосылып, әр апта сайын Көкшетау қаласындағы жалғызбасты қарттарға көмек көрсетеміз. Волентерлікпен айналысу жай ғана адамдарға көмек қолын созу немесе оларды қандай да бір азық-түлікпен қамтамасыз ету емес. Оларға керек көңіл-күй сыйлау болып табылады. 

Жергілікті волонтерлер 9 бағыт бойыша жұмыс істейді. Яғни барлық саланы қамтуға тырысқан еріктілердің сапында жастармен қоса, орта буынғы және егде жастағы азаматтарда бар.

Мәнсия Есекеева, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Волонтерлік бағыттың үлкен бір бөлігі – күміс волонтерлер. Яғни үлкен жастағы азаматтардың еріктілік жұмыспен айналысуы. Мұндай волонтерлер көбіне Аршалы, Целиноград аудандарында көп. Сондай-ақ жастар арасында кинокештер ұйымдастырылып, түскен қаржыны Балалар үйіне аудару деген сияқты қайырымдылық акциялар бар. Жыл сайын өткізілетін эко акциялар бойынша биыл 500-ден астам ағаш көшеттері отырғызылды.  

Ел үшін қызмет еткен еріктілердің еңбегі еш кетпеді. Шара соңында белсенді волонтерлерге Алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастыру алқасы жергілікті еріктілердің әлі де игілікті істен қапы қалмайтынына сенім білдірді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко