Қостанай облысында биыл төрт тауарлы сүт фермасы ашылды

Оның біреуі Ұзынкөл ауданының Новопокров ауылында. Замануи құралдармен жабдықталған фермада 500 сауынды сиыр бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлі де көбейтуге болады. Тек малды бағып, күтетін мамандар тапшы. Жаңа ферманың жағдайымен танысып қайтқан тілшіміздің репортажы. 

Инвестициялық бағдарлама бойынша биыл облыста жүзеге асқан ірі жобалардың бірі осы «Тойсай» тауарлы сүт фермасы. Оны бастан-аяқ салып шығу үшін 850 миллион тенге жұмсалған.  

Азамат Аужанов, Ұзынкөл ауданының әкімі:

- Осы жоба аясында аумағы 3 мың шаршы метр екі өндірістік нысан тұрғызылды. Сондай-ақ жылы өткелімен байланысқан сауын цехы салынды.  Ол жерде бірден 32 бас сауылады. Барлық жұмыс автоматтандырылған.

Қазір мұнда күніне екі мезгіл 400 бас сиыр сауылып, 8 тонна сүт алынады. Бар жұмысты екі сауыншы ғана атқарады. 

Оразбек Мырзалин, сүт фермасының меңгерушісі

- Барлығы компютермен көрсетіп отырады. Аурулары, сүті, малдарды көрсетеді. Қазір 500 малымыз бар ғой. Ендігі жоспарымыз бар енді 700-ге  апарамыз деген ойымыз бар.

Биыл бұл шараушылық Эстониядан 198 бас асыл тұқымды сүтті сиырлар сатып әкелген. Қазір мұндағы бір ғана түйткіл, ол малды бағып, күтетін  мамандардың тапшылығы. Жоғары жалақы тағайындап, үй-жаймен қамтамасыз етсе де, ауылға жастардың келгісі жоқ –дейді шаруашылық басшысы.   

Ұзақбай Ағайдаров, шаруашылық басшысы:

- Егер мал шаруашылығын, ет, сүт өндірісін дамытқымыз келсе, болашақ мамандар  ветеринарлық, зоотехникалық факультеттерде тегін оқытылуы керек. Бірақ университетті бітірген соң бес жыл шаруашылықта жұмыс істеуге міндеттелуі шарт. Оған келіспесе, оқу ақысын қайтаруы қажет. Қазіргі қаржылай ынталандырудың, басқа да көмек қолдаудың нәтижесі шамалы.

Қазір облыста 60 тауарлы сүт фермасы бар. Соның 12-сі 400-ден астам  сауынды сиыр ұстайтын ірі шаруашылықтар. Ал сүт өндірісін адағы  екі-үш жылда 20 процентке көтеру мақсаты тұр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг