Биыл қылмыскерлерден 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Биыл ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті 64 есірткі зертханасын жойып, 33 келі героин мен 500 келі синтетикалық зат тәркіледі.

Құқық бұзушылардан жалпы 13 тоннаға жуық есірткі алынған. Бұл жайында бүгін бас прокуратураның үйлестіру кеңесінде айтылды. Құзырлы орган бастығы Берік Асыловтың айтуынша, осы жылдың өзінде ғана есірткі сататын 1400 сайт бұғатталған. Дегенмен, алда әлі көп жұмыс күтіп тұр. Жағдай күрделі дейді бас прокурор. Бұдан бөлек жиында азаптауларға және тергеудің басқа да рұқсат етілмеген әдістеріне қарсы тұрудың тиімділігі талқыланды. 

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Тергеудің рұқсат етілмеген түрлерін қолдану жайлы кез келген ақпарат түскен жағдайда бірден әрекет ету қажет. Егер дерек дәлелденсе, істі тергеп, сотқа дейін жеткізу керек. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдері құрылды. Бұл тізімді біз облыс прокурорларына жібердік. Енді бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырамын. Міндетті түрде адвокаттар қауымдасытығымен және БАҚ өкілдерімен үнемі байланыста болуларыңыз керек.