Алматы облысында үздік әлеуметтік жобалар марапатталды

Алматы облысында үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті.

Жиында қоғам дамуындағы әлеуметтік жобалардың мән -маңызы сөз болып, бірлестіктердің  жұмысын жетілдіруге қатысты   ұсыныстар айтылды.  

Үкіметтік емес ұйымдар өңірдің дамуына елеулі  үлес қосып отыр.  Алматы облысында  400 жуық ұйым болса, оның 120- сы қоғамдық қор ретінде тіркелген. Бірлестіктер халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қолдау көрсетіп, азаматтардың заңды мүдделерін қорғап, кәсіпкерлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне атсалысуда.  

Ерлан Жақыпов, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу форматы қайтадан қаралып, бір тың жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Қазіргі таңда Алматы қаласына жақын орналасқан аудандарда бірқатар мәселелерді шешуге арналған жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Одан кейін өңірлерде, аудандарда осы үкіметтік емес ұйымдардың қатарының көбеюіне барынша мүмкіндік жасайтын боламыз.

Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту тетігінің бірі - мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс. Қоғамдық бірлестіктерді қолдау үшін биыл жергілікті бюджеттен 500 млн.теңге қаржат бөлінген. Қазір 21 жоба іске асырылып жатыр. 

Бақытгүл Елшібаева, "Жергілікті қауымдастықтар" қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Осы форумда талаптарымның бірі ол нағыз, нақты сандарды анықтау. Нақты жұмыс істейтін ұйымдарға көңіл бөліп, солармен жаңа форматта жұмыс істеу механизмдерін жасау деген талап болды.

Облыста  жыл сайын әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі мен іске асырылған ең үздік жобалар байқауы ұйымдастырылды. Форум соңында байқау жеңімпаздары марапатталды.

А. Садуақас, А. Дүйсембаев