Қант диабеті ана атануға ешбір кедергі емес

Қант диабеті өмірге сәби әкеліп, ана атануға кедергі емес.

Жүктілік кезеңінде помпалық инсулин терапиясын қолдану ешқандай асқынусыз, өмірге сау бала әкелуге мүмкіндік береді, дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының мамандары. Биыл институт қабырғасында қант диабетімен ауыратын 50-ден астам әйел аман-есен сәбиін қолына алған.  

Бұрын дәрігерлер қант диабетіне шалдыққан әйелдерге босануға рұқсат бермейтін. Себебі түрлі асқынулар қаупі бар. Алайда, қазір бұл қорқыныш артта қалды. Кардиология және ішкі аурулар Ғылыми зерттеу институтының эндокринолог дәрігерлері 1 және 2 типті қант диабетіне шалдыққан жүкті әйелдерге помпалық инсулин терапиясын тағайындайды.

Бұлбұл Болатхан, қала тұрғыны:

- Қант диабетімен ауырамын. Қантым басында жүктіліктің 13 аптасында 20-25 аралығында келдім. Басында үйренісу қиын болды помпаға. Одан кейін күнде қарап осы жерден помпаны салдырды маған. Басындағы 20-25 аралығында тұрған қантым, үш күн аралығында 15-ке, 10-ға, сөйтіп артынан тұрақты 7-8-ге алып барды.

Помпалық инсулин – қандағы инсулиннің тиісті деңгейін автоматты түрде қамтамасыз етеді. Ол үшін дәрігер әр науқастың қажетті көрсеткіштерін құрылғыға енгізеді.  

Балнұр Сұлтанова, эндокринолог дәрігер:

- Таңғы ас кезінде мысалы, пациенттердің көмірсуларға  қажеттілігі жоғары. Ал түскі ас пен кешкі аста қажеттілік азаяды. Ал шприц қаламдармен оны есептеу қиын.  Ал помпа бәрін өзі реттеп, гипогликемия қаупі болмас үшін инсулинді аз береді. Бұл науқас үшін өте ыңғайлы.

Диабетке шалдыққан әйелдердің жүктілігі барысында помпалық инсулин тағайындау елімізде 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл ем-шараны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында тегін қабылдауға болады.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев