Елдегі COVID-станционарлардың 10 процентінде науқастар ем қабылдап жатыр

Елдегі ковид-ауруханаларындағы төсек-орындардың дені бос тұр.

Тек 10 пайызында ғана науқастар ем қабылдап жатыр. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде қалыпты жағдай сақтаулы. Бұл туралы министр Ажар Ғиният мәлімдеді. Айтуынша, Қазақстанда қазір коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр. Мәселен, биыл жыл басында республика бойынша 16 мыңнан астам науқас тіркелсе, қазір індетке шалдыққандардың саны 230-ға жуықтады.  Министр, тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптасқандықтан, көпшілік індеттің жеңіл және орташа түрімен ғана ауыратындығын жеткізді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазіргі таңда барлық өңірлер жасыл аймақта. Біз күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Сонымен қатар, барлық вирустарға генетикалық зерттеу және сараптамалық талдау жұмыстары да жүргізілуде. Әзірге ешқандай қауіп жоқ.