Жетісу облысында үздік волонтерлер марапатталды

Жетісу облысында жеке көлігімен мүгедектерді тасымалдаумен айналысатын жылдың үздік автоволонтерлері марапатталды.

«Асар Талдықорған» жобасының жетекшілері ең көп тапсырыс қабылдаған жүргізушілерге арнайы дипломдар мен сертификаттар табыс етті. Олардың арасында ер азаматтармен қатар жұмыстан бос уақытында автоволонтерлік қызметпен айналысып жүрген нәзік жандылар да бар.

Ескелді ауданының Жетісу ауылында туып-өскен Мақсат Шәріпов 21 жасында ағаш кесіп жатып, бақытсыз жағдайға душар болған. Үстіне терек құлап, белі сынған ол 5 жыл бұрын көлік жүргізуді меңгеріпті. Мүгедектер қоғамындағы жұмысынан бос уақытында өзі сияқты тағдырдың жазуымен арбаға таңылған жандарға автоволонтер ретінде тегін қызмет көрсетеді. Ол биыл 130-дан астам тапсырыс қабылдаған. 2017 жылы жүзеге аса бастаған «Асар Талдықорған» жобасының жетекшілері бүгін Мақсат Шәріповты жылдың ең үздік автоволонтер ретінде марапаттады.

Мақсат Шәріпов, автоволонтер:

- Мүгедектігіміз бар ғой өзіміздің. Содан кейін түсінеміз да оларды. Енді мынандай автобустарға міне алмайды ол кісілер. Жүрулері қиын. Содан кейін өстіп көмек беріп тұрамыз. Алдағы уақытта да енді денсаулығымыз болса, көлігіміз жүріп тұрса, көмектесе береміз.

Елдос Баялышбаев, жоба жетекшісі:

- Мұқтаж адамдарды аптекасына, больницасына апарып келеді. Тегін такси қызметін қыламыз. Одан басқа бізде 200-ден астам автоволонтерымыз бар. Біреуге отын тасу керек, оны да көмектесіп береміз. Көмірін тасып береді бізде. Грузовой машина да бар.

Бұл іске ер азаматтармен қатар нәзік жанды әйел-аналар да бір кісідей атсалысып жүр. Мәселен, Қалима Ташкеева қаладағы колледждердің бірінде оқытушылық қызмет атқарады. Арасында мүгедектерді тегін тасиды. Қалима Ташкеева 1 жылда 55 тапсырыс қабылдаған.  «Мұсылман қауымы үшін бұл өте сауапты іс», – дейді ол.

Қалима Ташкеева, автоволонтер:

- «Асар» еріктілер қоғамына мүше болғаныма 3 жыл болды. Жыл сайын марапаттайды, бағалы сыйлықтар береді. СКЛ. Сертификат беріп отыр. Еңбегімізді өте бағалайды. Бұл енді біздің мұсылмандық.., әр адамның мұсылмандық парызы деп санаймын.

Талдықорғандық автоволонтерлар соңғы 5 жылда 8 мыңнан астам тапсырыс қабылдаған. Олар биыл мың шақты адамды тегін тасыды. Қатарлары жыл сайын көбейіп келеді. Жетісу облысының орталығында бүгінде 200-ден астам адам автоволонтерлықпен айналысып жүр.

Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев, Айгүл Ғализуллина