Шымкентте әлеуметтік такси қызметі тоқтады

Шымкент қаласындағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әлеуметтік такси қызметі тоқтады.

Соның салдарынан мүмкіндігі шектеулі жандар жоспарлы ем-домына уақытылы жете алмай отыр. Ал басқарма өкілдері болса жаңа жылдан бастап тасымал құралының орнына қаржылай көмек көрсетілетінін айтады. Бірақ бұл шешіммен ата-аналар келіспейді.

Әлеуметтік такси қызметі тоқтатылғанын естіген ата-аналар бұл шешімге қарсы. Өйткені ерекше күтімді қажет ететін балалар дәрігердің қабылдауынан кешігіп, оңалту орталығына уақытылы жете алмай қалды. Әлеуметтік такси әлекке салды деген жұрт жауапты басқарма алдына жиналды.

Гүлбақыт Мәденова, қала тұрғыны:

- Баратын жерімізге бара алмай, діттеген жерімізге жете алмай қаншама адам бір чаттың өзінде 150 ата-ана бар. Оның ішінде мен де бір бала болса, басқаларында екеуден мүгедек, біреулерінде үшеуден. Бүгін аяқ астынан бізге жаңа жылдық сюрприз қылып, тоқтады деп отыр.

Бұдан былай такси қызметінің орнына ерекше балалары бар ата-аналардың әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек берілмек. Алайда тұрғындар жәрдемақыға жарымадық,- дейді. 

Гүлмира Үсенбекова, қала тұрғыны:

- Сонда бұлар бізге 5 МРП береміз деп шешіпті. Ол 5 МРП - 15 мың теңге. Біз ол ақшамен балаларымызды қай жерге апарамыз!? Біздің №2 емхананың өзі төрт зданияда. Әр емхананы аралап, балаларды алып жүру анажақтан печать, мына жақта дәрігер. Мен де күніне шамамен санасақ 7-8 мың теңге екі баламды көрсетуге кетіп қалады екен. Өзімді санамағанда.  

Шымкентте өткен жылы әлеуметтік такси қызметін 700-ден астам адам пайдаланған. Олар үшін 58 көлік құралы тасымалға қойылып, тегін қызмет көрсеткен. Бұл жұмыстарға бюджеттен 130 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда салаға жауаптылар бұл қызметке көңілі толмағандар да болды,-дейді. Сондықтан жәрдемақы төлеу туралы жаңа ереже бекітілген.

Мақсат Жолдасбеков, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

- Заявка беріп диспечерге, оны күтіп отырып келмей қалса, көлік бұзылып қалса осындай әр түрлі мәселелерді болдырмау үшін әр азаматтың жеке есепшотына аудару тиімді деп санап, осындай жаңадан шешім қабылданып жатқындығы туралы ескертілген.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері жиылған жұрттың талап-тілігі ескерілетінін айтады. Алдағы уақытта жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы тиісті мекемеге ұсыныс әзірлейтін  болды.