Асханадан ас ішу арзанға түспейді

Қазақстанда соңғы бір жылдың ішінде асханалар қызметі 27, ал мейрамхана-дәмханалардікі 23%-ке қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ranking.kz мәліметі бойынша, қоғамдық тамақтану құны әсіресе Оңтүстік өңірлерде қатты өскен. Мысалы, Жетісу облысында дерлік 45, Шымкентте 40, Алматы облысында 38,5%-ке артты. Ең төменгі өсім Павлодар облысында тіркелген. Мұнда қоғамдық тамақтану құны 6,2%-ке өсті. Атырау облысында фаст-фуд нысандарының қызметі 38%-ке шарықтаған. Сонымен қатар, мейрамхананы жалға алу дерлік 9, ал дәмхана нысандары 3,4%-ке қымбаттапты. Қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілі келтіргендей, елде балық және теңіз өнімдерін ұсынатын мейрамханалардағы астың бағасы өсті. Өйткені өнімді жеткізу логистикасы қымбатқа түсіп отыр.

Вероника Нұрпейісова, ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Былтыр коммуналдық қызмет қымбаттады. Мейрамхана, дәмхана ғимаратын жалдау ақысы мен азық-түлік бағасы да көтерілген. 3% көлеміндегі бөлшек салықты сақтауды сұрап едік, болмады. Қаңтардан бастап 6%-ке көтерілді. Кәсіпкерлер қосымша құн салығына шығар болса, онда орташа чектің құны тағы артады. Текстиль, майлық, қағаз стакан сияқты бір рет қолданатын ыдыстардың бағасы тағы өсті. Міне, осының бәрі қоғамдық тамақтану қызметін қымбаттатты.