Қостанай облысында Шукуровтар отбасы 36 бала тәрбиелеп отыр

Соңғы 5 жылда ерлі-зайыпты әртүрлі ұлттан 33 баланы қамқорлыққа алған.

Көпбалалы ата-ана көмекке де мұқтаж емес. Өз кәсіптерін дөңгелетіп, соның игілігін көріп отыр.

Балаларды қамқорлыққа алуды Шукуровтар осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Алғашында отбасы 7 баламен толықты. Кейін тағы 26 бала келді. Отбасындағы 36 бала бір-бірімен тату.

Рустам Шукуров, Лисаковск қаласының тұрғыны:

- Алғашында қиын болғаны рас. Тәжірибе де жоқ. Кейін бәрі реттелді. Балалар бір-бірімен тату. Оған қоса олардың бәрі дерлік биологиялық жағынан да туыс.

Көпұлтты отбасында татар да, орыс пен қазақ та, тіпті украин мен сыған да бар. Балалардың үлкені үй шаруасына көмектеседі, өзінен кейінгілерге жәрдемдеседі. Ал сыртта оқитын студент балалар демалыста үйіне асығады.

Екатерина Сысолятина, студент:

- Ата-анамыз тіпті өз туғанымыздай боп кетті. Туғаннан да жақын. Өте жақсы жандар. Мұнда маған бәрі ұнайды. Балалар да тату. Әркез осы үйге асығып тұрамын.

Владимир Кравченко, тәрбиеленуші:

- Бұл отбасы өте тамаша. Балалар бірге ойын айнаймыз. Уақытымыз көңілді өтеді. Бір-бірімізбен туған бауырдай боп кеттік.

Шукуровтардың өз пәтері бес жүз шаршы метрден асады. Ерлі-зайыпты шағын шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Дастарханынан ет пен сүт, көкөніс пен жеміс-жидек үзілген емес. Алақан жайып, ешкімнен көмек те сұрамайды.

Вера Соколова, Лисаковск қалалық білім бөлімінің бас маманы:

- 23 бала мектепте оқиды. Төртеуі студент. Отбасы олардың білім алуына әркез жағдай жасап отырады. Бұған дейін де ешқандай шағым болған жоқ.

Шукуровтар отбасы басқа қалада оқып жатқан студент балаларына да жәрдемдеседі. Үй-жайы мен азық-түлігіне де қаражат салып отырады. Үйдің ең кенжесі 6 жасар Азиза мұнда 11 айында келіпті. Қазір әбден үйренген. Ерлі-зайыпты алда тағы да бірнеше баланы қамқорлығына алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров.