Астанадағы көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілді

Астанадағы E-583 жобалық атауымен белгілі көшеге өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілді.

Құтқарушы 16 қарашада қаладағы көпқабатты тұрғын үйден шыққан өртті сөндіру кезінде денесінің 80 процентін күйік шалып, 20 қарашада ауруханада көз жұмған еді. Ерлігін мәңгі есте сақтау мақсатында Президент бұйрығымен Астана көшелерінің біріне оның есімін беру туралы шешім қабылданған. Бүгін елордалық мәслихат депутаттары бастаманы қолдады. Асқар Забикулин атындағы көше Есіл ауданындағы Үркер тұрғын алабында болады. Сондай-ақ, Астана қалалық мәслихатының отырысында 10-ға жуық жаңа көшеге белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылардың есімі берілді.

Мәселен, А-23 көшесі енді майдангер жазушы, білікті журналист Әскер Нәбиевтің есімімен аталса, А-24 көшесі ақын Сырбай Мәуленовтің, ал, Е-20 көшесі академик Шапық Шөкиннің есімімен аталады. Айта кетейік, отырыста жаңадан құрылған бесінші ауданға Нұра атауын беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Оның аумағы Есіл ауданын екіге бөлудің негізінде белгіленді.