Қостанайда қажетсіз шыршалар малға азық болып жатыр

Қостанайлық шаруа қоқысқа тасталған жаңажылдық шыршаларды малға азық ретінде пайдаланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ешкімге қажет болмай қалған ағаштарды ешкілер түгін қалдырмай жеп қояды. Әзірге бұл облыс орталығы бойынша қылқан жапырақтыларды кәдеге жаратудың бірден-бір жолы саналады.

Зоровавель Василюк – қала бойынша шыршаларды кәдеге жарататын жалғыз адам. Ол көп жылдан бері оларды малға азық ретінде пайдаланады. Қорада 8 бас ешкісі бар. Мүйіз қуыстылар қылқан жапырақты ағашты жем-шөптен артық көреді. Түгін қалдырмай жеп қояды.

Зоровавель Василюк, қала тұрғыны:

- Ешкілер сиырларға қарағанда шөптің 200-300 түрін жейді. Мысалы, қылқанды түгелдей жеп, қабықтарын да аз-кем шайнап тастайды. Құр діңін қалдырады. Ал мен оны отын ретінде пайдаланамын.

Шаруа былтыр 1000-ға жуық шырша қабылдағанын айтады. Сұрыптап үлгермей қалған кездері де болған. Ал биыл әкелушілер кемде-кем.

Қайрат Бекдәулетов, қала тұрғыны:

- Шыршалар қоқыста жатқан. Көлік алмайды оны. Жата береді осылай. Сол, бүгін демалыс. Көршілермен жинап, шыршаларды мұнда алып келдік. Мына кісі алады, малға береді деп естігенбіз. мына кісі алады. Шыршаны мұнда алып келіңдер. Қаланың іші таза болсын.

Жалпы жыл сайын 10 мыңдай адам үйлеріне тірі шырша қояды. Бұл –экобелсенділердің есептеуі. Көп ұзамай барлығы дерлік қоқыс контейнерлері маңынан табылып жатады.     

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жаңа жыл мерекесі өткен соң кеуіп қалған шыршалар қаланың әр жерінде шашылып жатады. Тұрғындар қоқыс төгетін орындарды осылайша үйіп тастайды. Биыл шашылған қылқан жапырақтыларды тазалау тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелердің міндетіне кірмейді. Демек биыл олардың кәдеге жарап, өлшеусіз пайда әкелуі екіталай деген сөз.

Былтыр шыршаларды жинауға волонтерлер белсенді атсалысты. Бұл мақсатқа коммуналдық мекеме техника ұсынған. Ал өздері ағаш өңдеп, тыңайтқыштар жасауға ден қойып жүрді.  

Наурызбек Бірмағамбетов, экологиялық клубтың жетекшісі:

- Келер аптада үй аулаларындағы шыршаларды жинауға шығамыз. Әрине, егер бізге техника бөліп жатса. Ағаштарды фермерге апарып беруді мақсат етеміз. Былтыр біздің күшпен 2 мыңдай шырша тазаланды.

Экобелсенділер қылқан жапырақтыларды Ресейден әкелуді қысқартуға шақырады. Олар тамыры жоқ ағаштардың орнына құмырада өсірілген шыршаларды тегін беруге дайын. Бірақ бұған кемінде 3 жылдай кететінін қажет деп отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.