Түркістан облысының шаруаларына егістікті әртараптандыру ұсынылды

Түркістан облысының шаруаларына шитті мақтаның орнына дәнді дақыл егу ұсынылды. Өйткені мақташылар үшін өткен жыл қолайсыз болып, дайын өнімдерін саудалай алмады.

Облыс басшысы мұндай қиындықтар қайталанбас үшін егістікті әртараптандыруға шақырды. Сондай-ақ жиында өндіріс орындарын көптеп ашу мәселесі көтерілді. Ол үшін инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Тығырықтан шығудың тағы бір жолы шитті мақтаның жоғары сұрыпын өндіріп, бәсекеге төтеп беру керек. Өйткені аймақ шаруалары түгелдей мақтадан бас тарта алмайды. Биыл 126 мың гектар алқапқа мақта егу жоспарланған.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Инвестор мен осы жердің жергілікті кәсіпкерлерін кездестіріп партнер қылып, оған үкіметтен де көмектесіп оны жолға қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Мына жерде шитті мақтаның сортын өзгертіп, өнімді жоғары алып, осы жерде фабрика-зауыттарды көбейту керек. Олай жасамасақ біз жылда дауға қаламыз. Жылда біздің пайдамыз болмайды. Пайдамызды басқа біреулер көреді.