Түркістан облысында полицейлер жалған қызмет ұсынған күдіктіні анықтады

Түркістан облысының полицейлері шетелдік көліктерді есептен шығарып беремін деп, жалған қызмет ұсынған күдіктіні анықтады.

Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында «OLX» сайтынан Армениядан әкелінген автомобильдерді есептен шығару бойынша күмәнді қызмет ұсынатын хабарландыруды байқаған. Онда белгісіз адам азаматтарға 1 млн 200 мың теңгеге автокөлікті есептен шығарып беруге көмектесетінін жазған. Техникалық төлқұжат пен барлық рәсімдеуге бір күн кететінін, ал есептен шығарылғанын растайтын құжат 7 күн ішінде пошта арқылы келеді деп жалған қызметін ұсынғаны белгілі болды. Сондықтан тәртіп сақшылары азаматтарды алаяқтықтың құрбаны болмас үшін барлық мәселені тек заң аясында шешуге шақырады.

Айта кетейік, елімізде 23 қаңтардан бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша акция басталды. Соңғы 3 күнде 879 адам өз көліктерін сәтті заңдастырып, мемлекеттік нөмір алған.

Ермек Шәкім, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Аталған хабарландыру бірден назарға алған полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Қостанай облысының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілеріне қырағы болуға және осындай күмәнді қызметтерді ұсынатын интернеттегі хабарландыруларға сенбеуге кеңес береді.